«Таза қала» акциясы мәресіне жетті

411
Белсенділер марапатталды

Жастар таза қалада өмір сүргісі келеді. Сол себепті болар, «Таза қала» акциясына белсене қатысты. Екі қолға күрек алып, күл-қоқысты тазалап, көгалдандыру жұмыстарына белсене араласқан бір топ жастың еңбегі еленіп, марапатқа ие болды.

Белсенділер марапатталды
Белсенділер марапатталды

Осыдан бір ай бұрын басталған «Таза қала» акциясына 14 мыңнан астам студенттер қатысқан болатын. Олар қаланың орталық көшелерінен бастап, шет аймақтағы жолдарды тазалап, Қошқар ата, Бадам өзендерінің жағалауларын ретке келтірген еді. Үлкен акцияны ұйымдастырушы «Шымкент жастары» тазалық үшін ұранын көпке насихаттау басында қиын соққанын да жасырмайды.

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» мекемесінің директоры: «Сөздің шынын айту керек, бірінші сенбілікке шыққан жастардың легі екіншісінде аз болды. Десе де, жастардың барлығы бірдей емес, белсенділері болды. Олар шынайы еңбек етті».

Жастардың қуанышында шек жоқ
Жастардың қуанышында шек жоқ

Бір айлық «Таза қала» акциясының белсенділерін қала әкімінің орынбасары салтанатты түрде марапаттап, құрмет көрсетті. Екі қолға күрек ұстап, қаланың көркейіп-абаттануына, гүлденуіне үлес қосқандардың ішінде Ерлан Мейрамханұлы да бар.

Ерлан Мейрамханұлы, белсенді студент: «Біз Бозарықтағы айналма жолды тазаладық. Замандастарым қаланың таза болуы үшін, бір ай бойы ұйымдастырылған қалалық сенбіліктерден қалмады. Өздері экологиялық таза қалада өмір сүргісі келгені үшін, ат салысты деп ойлаймын».

Акцияның қорытындысы бойынша облыстағы фармацевтикалық академия, Мардан Сапарбаев атындағы гуманитарлық институт және Шымкент экономика колледжі «Белсенді оқу орны»аталымымен марапатталды. Сондай-ақ, «Белсенді студент», «Белсенді тәрбие ісі жөніндегі орынбасар» номинациялары да өз иелерін тапты.

Баһадүр Нарымбетов, қала әкімінің орынбасары:»Бір сенбілікпен мәселені шешуге болмайды. Таза қала статусын сақтап қалу үшін, әр адам өз үйінен, өзінен бастайды тазалық жұмыстарын.  Белсенділерді құттықтаймыз. Сіздердің қатарларыңыз көбейеді деп ойлаймыз».

Қоғамдық жұмысқа белсене араласқандар саны келер жылы көп болатынына ұйымдастырушылар кәміл сенеді.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=k4NqoMni7pQ[/youtube]