«Қазақ барысы» атануға уәде беремін»

Жұманазар ЕРСҰЛТАНОВ, «Қазақстан барысы» турнирінің қола белбеу иегері:

Газетіміздің өткен санында «Ерсұлтанов ерледі» деп ел-жұрттан сүйінші сұраған едік. «Қазақстан барысы» турнирінде Оңтүстік халқын қуантқан алып балуан редакциямызға өзі келе қалды. Көрсең көзің тояр қола белбеу қолында. Былайғы жұртқа бұйығылау көрінетін балуан сөзге шебер екен. Көкейді тескен сауалдарға жауап алдық.

Жұманазар ЕРСҰЛТАНОВ, «Қазақстан барысы» турнирінің қола белбеу иегері:
Жұманазар ЕРСҰЛТАНОВ, «Қазақстан барысы» турнирінің қола белбеу иегері:

– Жұманазар, жүлдең құтты болсын! Елордаға аттанар алдында Оңтүстікке бір жүлде тарту ететініңді айтқан едің. Айтқан сөзіңде тұрдың. 

– Әрине, уәдемнен тайқып кетсем жігіттігім қане. Ең әуелі осыны ойладым. Облыс спортының басшысы Әлібек Нұртаев бастаған ағаларым жанкүйер болып отырғанда қалайша жеңілуім керек? «Жігітті намыс өлтіреді» демекші, бар күш – жігерімді жұмсағанымды көрдіңіздер. Маңдайыма жазылғаны осы болды енді. Бұған да шүкіршілік. Дегенмен, бас жүлдеге жетпей қалғаным өкінішім болып қалды.

– Несібеңе қарай бәйгені шаппай алдың ғой. Расында, осы додада бағың жанды-ау деймін… 

– Қалай десек те, бұйырып тұрған дүние кетпейді ғой. Бәрі де Алланың қалауы. Қола үшін таласқа шықпаған былтырғы «Барыс» Ыстыбаевпен бұған дейін де жолымыз түйіскен. 2001-2004 жылдары жастар сапында жүргенімде үш рет белдесіп, бәрінде мерейім үстем болды. Көпшілікке осы жағдайды жеткізгім келеді.

– Биылғы бәйгеде дара шыққан Айбек Нұғымаровқа әлің жетпегенін бәріміз көрдік. «Қазақ барысы» қай жағынан мықтылық танытты? 

– Үлкен спортта түрлі жағдайлар кезігеді. Бірде бағың жанса, жігерің құм болуы да бір сәтте. Ашығын айтқанда, мен сегіз жыл дегенде қайта спортқа оралған жайым бар. Ойламаған жерден ауыр жарақат алып, үлкен спортпен қоштасқан едім. Жоқ, әлі де болса спорттан алар өз сыбағам бар екен. «Қазақ барысындағы» түйе палуандардың сайысы делебемді қоздырды. Мені кілемге жетектеп әкелген өңірдің намысы еді. Бойымда күш-қуат барда басымды бұғып жүруге хақым жоқ. Қажымұқан бабамыздың сүйегі жатқан өңірде білекті балуандардың бар екенін танытқым келді. Оның үстіне, жанашыр ағаларым қолқа салып, бозкілемге қайта шығуымды өтінді. Міне, қимай қоштасқан кілеммен нар тәуекел деп қайта қауыштық. Әзірге бастамасы жаман емес сияқты. Қаңтар айынан бастап, бар болғаны 6 ай жаттықтым. Шүкір, несібесіз емеспін. Әуелі «Шымкент барысы», кейіннен «Оңтүстік барысы» атанғанымды білесіздер. «Қазақ барысы» бәсекесіне дейін толық өз бабыма ене қойған жоқ едім. Осы жағдай бәрібір кесірін тигізбей қоймады.

Мұнымен тоқтап қалмақ емеспін, әрине. Мені алда әлі талай жанды жегідей жейтін жаттығулар күтіп тұр. Ендігі мақсат, келесі жылғы бәйгеде Құдай қаласа «Қазақ барысы» атану. Алтын белбеумен оралуға уәде беремін.

8 жыл дегенде спортқа қайта оралған жайым бар
8 жыл дегенде спортқа қайта оралған жайым бар

– Ашығын айтқанда, биылғы сайыс біршама дау-жанжалмен есте қалды. Бұл жағдай саған қалай әсер етті? 

– Мен оған мүлдем көңіл аударған жоқпын. Әр балуанның өз тағдыры бар. Біреудің сыртынан әңгіме айтуға хақым жоқ, әрине. Тек өз-өзіме жауап беремін.

– «Қазақ барысында» қай балуанның өнері көңіліңнен шықты?

(Ойланып тұрып) Қамал алар жасқа келген Мұрат Кеңтонов ағамыздың ерлігі сүйсіндірмей қоймайды. Қырыққа келсе де күш- қайраты тасып тұрған жастармен белдесіп жүр. Бұл ерлік емей не? Ол кісінің адамгершілігі өз алдына. Өте қарапайымдылығы бауырына тартады да тұрады.

– Өзіңмен бірге облыс намысын қорғаған Сабыржан Әбілдаұлы ширек финалға дейін жетті. Оның көрсеткен нәтижесін қалай бағамдайсың?

– Сабыржан бұған дейін талай бәсекелерге қатысып, ысылды. Шеберлігінде мін жоқ. Биылғы додада оған сәттілік жетіспеді. Бағы кемшін түскендей. Намысын жанып, бірқатар белді балуандардың өзін алып ұрды. Мәселен, екі олимпиадаға қатысқан Ринат Ибрагимов жерлесімізге еш қауқар көрсете алған жоқ. Міне, осыдан-ақ көп жәйтті аңғаруға болады.

– Әуелде Сабыржанның орнына Есен Самат баруы тиіс еді. Жарыс тақағанда жолдаманың Әбілдаұлының уысында кеткенін түсінбей тұрғанымыз. 

– Самат Есен – болашағынан мол үміт күттіретін балуан. Екеуміз бірге жаттығу жасаймыз. Өзімнің інім, әрі шәкіртім. Ол жігіт биыл он сегізге толғанын айта кетейін. Әлі сүйегі қатая қойған жоқ. Оған қоса мен сияқты етжеңділеу емес (күліп). Сол себепті жас балуанды алыптармен белдестіргіміз келмеді. Жарақат деген бір сәтте. Өзінен екі есе ауыр алыптармен белдесу оңай емес. Жарақат алып қалса беті қайтып қалуы мүмкін. Самат бүгінде дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Қоңыр күзде өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүр.

– Көпшілік «Қазақ барысы» жүлдегерінің қайда туып-өскенін білгісі келеді. 

– Айтайын. Мен 1984 жылы Ордабасы ауданының Темірлан ауыл әкімдігіне қарасты Коммунизм елді мекенінде туылдым. Әке-шешем қарапайым жандар. Жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Балалық шағым сонда өтті. Ең бірінші дзюдо күресіне аңсарым ауса керек. Жапон күресінен де біршама жетістіктерге жеттім. Жастар арасында жеті дүркін Қазақстанның және әлем кубогінің жеңімпазымын. Азия чемпионаттарынан да иелік еткен жүлделерім бар. Одан кейін міне, ұлттық күресіміздің қыр-сырын меңгеруге күш салдым.

«Жігітті намыс өлтіреді» демекші, бар күш - жігерімді жұмсағанымды көрдіңіздер
«Жігітті намыс өлтіреді» демекші, бар күш – жігерімді жұмсағанымды көрдіңіздер

– Бапкерің Шамшиддин ағаны қалай жолықтырдың? 

– Ол кісі нағыз бапкер. Көршім, әрі туысқандығы да бар. Күрестің әліппесін сол кісіден үйрендім. 5-сыныптан бері Шәмші ағамен біргемін.

– Лақап атың «Жақсығұл» екен. Бұл атаудың мән-мағынасын оқырмандарға түсіндіріп берсең…

– Біздің «Бөгежіл» руының ішінде «Жақсығұл» деген батыр кісі болған екен. Жауынгерлігі жайында тарихтан там-тұмдап білемін. 1700 жылы «Орбұлақ» шайқасында Қарасай батырды қалмақтар ұрлап бара жатқан кезде біздің бабамыз ерлік көрсетіпті. Қалмақтың батырын 200 метрден атып түсіріп, Қарасай батырды жаудан аман алып қалған. Міне, біздің бабамыз осындай болған. Мен сол кісіні мақтан етемін.

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ