Жалған мүгедектік жарға итермесін

Биыл 855 мүгедек қоғамдық ортаға бейімделді
Биыл 855 мүгедек қоғамдық ортаға бейімделді
Биыл 855 мүгедек қоғамдық ортаға бейімделді

ОҚО бойынша 2013 жылдың басынан 19 780 азамат мүгедектік есепте тұр. Олардың 15 780-і биыл қайта есепке алынса, 4000-ға жуығы алғаш рет мүгедектікке шығып, арнаулы мемлекеттік және әлеуметтік жәрдемақы алуда. Ал, жағдайы жақсарып, қоғамдық ортаға бейімделген 855 азамат есептен шығарылды.

ОҚО медициналық-әлеуметтік сараптама саласының бас маманы Отабек Абдупатаховтың айтуынша, 80-90 жылдары мүгедектер өздерінің кемтарлығынан қысылып-қымтырылатын. Мүгедектікке байланысты жәрдемақы алуды ұят санайтын. Қоғамға бейімделіп, барынша еңбекке араласуға тырысатын. Ал бүгінгі күні дені сау болса да, өзін мүгедек етіп көрсетіп, әлеуметтік жәрдемақыдан дәмелілер көбейіп барады. Олардың бірі түрлі құйтырқы әрекеттерге салынып, құлақтарына мақта тығып өтірік саңырау, мылқау бола қалса, енді бірі жалған құжат жасайтын көрінеді. Яғни олар, жоғары мамандандырылған облыстық кеңестік-диагностикалық орталықтар мен клиникалық емдеу орталықтарында денсаулығы жөнінде диагностикалық қорытынды жинақтап, аудандық, қалалық емдеу мекемелерінің дәрігерлерімен өзара келісіп МӘС-ке жолдама (088/у нысаны) толтырып алады. Дегенмен, сараптамалық тексерулер нәтижесінде, қорытынды шығаруға мүмкіндік бермейтін, негізделмеген диагнозбен жіберілген азаматтар анықталған жағдайда олардың құжаты кері қайтарылады. Ондайда айқай-шу шығарып, жоғары жаққа арызданып жататындар да бар. Мамандардың айтуынша, онкологиялық, психоневрологиялық ауытқулары бар, эпилепсия, туберкулез, тері-венерологиялық, артериалды-гипертония, жүрек талмасымен ауыратын азаматтар демалыс орындарына жолдама сұрап келеді екен. Алайда, мұндай азаматтарға демалыс орындарына жолдама беруге заң бойынша тыйым салынған. Өйткені, бұл олардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Ал кейбір пысықайлар «медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткізіп беремін» деп азаматтардан ақша алады екен. Осы орайда, мекеме қызметкерлері өздерінің қызметтерінің тегін әрі тек заң аясында жүргізілетіндігін, алаяқтардың жемтігіне айналмауын ескертеді.

Мүгедектігіне, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2013 жылғы 1 қаңтарынан  ең төменгі күнкөріс денгейінің (ЕТКД) мөлшері өзгеруіне сәйкес көбейтілді (ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 2013 жылдың 1 қаңтарынан 18 660 теңгені құрайды).

27-016

Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі – мүгедектерді оңалту, оларды қоғамға бейімдеу. Осы мақсатта медициналық, әлеуметтік және кәсіби жеке оңалту бағдарламалары жүзеге асуда. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, мүгедектер ҚР Үкіметі айқындаған тізім және тәртіп бойынша протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнайы жүріп-тұру құралдарымен, санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағдарламаның орындалуын бақылау МӘС қызметкерлерінің құзырында. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда мүгедектерді оңалту мәселесі жоғары деңгейде орындалуда. «Мүгедектер демалыс орындарымен, қосымша компенсаторлық-ортопедиялық құралдармен (ортопедиялық аяқкиімдер, протез-ортопедиялық құралдар, үй ішілік-серуендік қол арбалар, міндетті гигиеналық жабдықтар, сурдо-тифло құралдар) қамтамасыз етіледі. Дегенмен, ең бас-ты мәселе – мүгедектерді жұмысқа орналастыру болып отыр. Сондықтан кәсіпорындар мүгедектер үшін жұмыс орындарына квотаны көбейту керек. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы, әлеуметтік жұмыс орындарын құруымыз қажет. Дамыған елдерде мүгедектердің 40%-ы, Қытайда жұмысқа жарамды мүгедектердің 80%-ы жұмыс істейді екен», – дейді ОҚО медициналық-әлеуметтік сараптама саласының маманы Отабек Абдупатахович.

27-015

ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2005 жылғы 20 шілдедегі «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі туралы» №750 Қаулысы бекітілген. Сондай-ақ оған 2010 жылы 27 желтоқсанда толықтырулар мен өзгертулер енгізілген №1416 қаулысы қабылданған. Осы Қаулының негізінде, мүгедектікке шығу үшін азаматтар медициналық ұйымның жолдамасын (088/у нысаны), жеке басын куәландыратын құжатты, азаматтарды тіркеу кітабын, ауру динамикасын талдау үшін амбулаториялық картасы, ауру тарихының және зерттеу нәтижелерінің үзінді көшірмелерін, әлеуметтік жеке код берілгені туралы куәлік көшірмесі, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысу фактісін растайтын құжат, еңбек қызметін растайтын құжат, еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысандағы жазатайым оқиға туралы акт көшірмесін тапсыру керек.

Қалай десек те, бүгінде мүгедектер мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынып, оларға барлық жағдайлар жасалуда. Алайда, мүгедектік жәрдемақы қай адамға да тиісті тәртіппен заң аясында тағайындалатынын естен шығармаған абзал. Медициналық-әлеуметтік сараптамалық мекеменің негізгі міндеттері мен функциялары, жауапкершілігі мен құқығы, мүгедектіктің алдын алу мәселесі, мүгедектік тағайындау, оларды оңалту шараларының орындалуына бақылау жасау болып табылады. Ендеше мекеменің жұмысы сапалы түрде жүргізіледі деп есептейміз.

Айжан Ермекқызы

Отабек Абдупатахов
Отабек Абдупатахов

Отабек Абдупатахов, ОҚО медициналық-әлеуметтік сараптама саласының маманы:

– Мүгедектік мерзімі мен еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі куәландырылатын адамның оңалту әлеуетіне сәйкес, 16 жасқа дейінгі балаларды 6 айға, 1-2 және 5 жылға немесе16 жасқа толғанға дейін белгіленеді. Он алты жастан 18 жасқа дейінгі 6 айға, 1 жылға, 18 жасқа толғанға дейін белгіленеді. Қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік 18 жастан асқан адамдарға, қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер, организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулар болған кезде, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде, І топтағы мүгедекті кемінде 4 жыл, ІІ-ІІІ-ші топтағы мүгедекті кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін, оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленеді екен.