Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына – 80 жыл

345
"Біз де ғашық болғанбыз" қойылымынан үзінді

 Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры 80-маусымының шымылдығын түрді. Өнер ұжымы маусымды Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» драмалық қойылымымен бастады. Айта кетейік, 80 жылдық тарихы бар өнер қара шаңырағының айтулы мерейтойына сахна саңлағы Айша Абдуллина да арнайы шақырылған.

"Біз де ғашық болғанбыз" қойылымынан үзінді
«Біз де ғашық болғанбыз» қойылымынан үзінді

 Айша Абдуллина, ҚР халық әртісі: «Айналайын, көрермендер! Есіме түсіп отыр, менің ойнаған рөлдеріме қол соғып отырушы едіңіздер! Мың да бір рахмет бүгін келгендеріңізге! Әрдайым Сіздер үшін театр есігі ашық, 80 жылдық мерейтойға баршаңыз келіп отыр екенсіздер, құтты болсын! Құдай жеткізсе, тағы да көрісеміз, мың да бір рахмет келгендеріңізге! Бас иемін Сіздерге!»

Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» туындысы ә дегеннен-ақ көрерменнің ықыласына бөленді. Себебі, оқиға желісі өмірден алынған. Қойылымда қос ғашық Дәукен мен Зияда шаңырақ көтереді. Перзент сүйеді. Бірақ, жас жұбайлардың сөздері жараспай, соңында айрылысып кетеді. Көп ұзамай Зияда маскүнем Сарманға тұрмысқа шығады. Бұл психологиялық драмада әйелді перзентімен қабыл алған күйеудің рөлін сомдау театр әртісі Мейрамбек Нұралиевке де оңай соқпапты. 

Мейрамбек Нұралиев, театр әртісі: «Менің образымдағы азамат ішкі жан дүниесі өртеніп бара жатқандықтан арақ ішеді. Оның бейнесін сомдау, әрине, мен үшін де қиындау болды. Психологиялық еңбек болғандықтан, басынан аяғына дейін тер төгуге тура келді».

Оразәлі Әкімов, көрермен: «Туындыны көріп отырып, жас кезіміз есімізге түсті. Алғашқы махаббат деген ұмытылмас, өмір бойы қанша жасқа келсе де есіңнен кетпес сәт! Ал бүгін қойылып жатқан дүние жас отбасыларға қиын кездерді түсіне білуді, оған шыдай білуді үйретеді, сондай бір тәрбиені үйретіп жатыр».

Бүгінге дейін 270-ке жуық спектакль сахналанған театр жаңа маусымында 20-дан астам тұщымды қойылымдарын көрерменге ұсынбақ. Ал «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы жыл бойы театр сахнасын түспейді дейді режиссерлар.