«Қарлығаш әулие» сахналанды

Тарихи пьесаның авторлары Мархабат Байғұт пен Шойбек Орынбай

Төле бидің 350 жылдығына орай Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрының өнер ұжымы «Қарлығаш әулие – Төле би» тарихи көркем пьесасын сахналады. Жаңғыртылған кейіпте сахналанған тарихи драма алғаш рет 1993 жылы Қарлығаш әулиенің 330 жылдығына арналып қойылған еді.

Қойылым ел басына күн туғанда ұлы Жоланды жау қолына кепілдікке беріп, ұлтының тағдыры үшін жасаған Төлебидің жанкештілігін сомдауға арналған. Елі «Қарлығаш әулие» атаған дана бидің жауапты сәттерде ұтымды шешім қабылдап, нәтижесі қалмақты жеңуге себеп болған тұщымды ойларын, жалпы, XVII-XVII ғасырлардағы тарихи шындықты көрерменге қаз-қалпында жеткізу үшін режиссер 6 кітапты оқып, тауысыпты.

Әскер Құлданов, режиссер: «Сахнаны безендіргенде біз суретші Халтөре Жұмағұлов екеуміз бір-ақ нәрсеге келістік. Ол – шаңырақ. Шаңырақ пен арқан. Шаңырақ дегеніміз – қазақтың отаны, киіз үйі. Осы шаңырақ қойылым барысында біресе төмен түседі, біресе жоғары көтеріледі. Біресе Қалден сереннің тағы болып қалады.»

Қойылым 20 жыл бұрын алғаш сахналанғанда үш бидің образы жеке-жеке бөлініп сомдалған екен. Ал бүгінгі жаңарған нұсқа Қазыбек пен Әйтеке және Төле билердің басын біріктіріп суреттейді. Көрерменнің көңілін толқытқаны да нәубет кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген Алаш ұлдарының ауызбіршілігі еді.

Есет Төреқұлов, Төле бидің 7-ші ұрпағы: «Мен бабамды көріп, жылағым келіп отыр. Мұндай көріністі бұрын көрмегенмін. Жаңағы қалмақтың ханы «мен де Төле биге ұқсап, шешен болдым ғой» деп, жұрттың бәрін таң-тамаша қылып жатыр. Бұл – әділ сөз. Шешендік қасиет барлық адамға біте бермейтін нәрсе. Ол Төле биге біткен.»

Бүгінде Төлебиден талай ұрпақ тараған. Бірақ Төле баба тек солардың ғана емес, күллі қазақтың қадір тұтатын тұлғасына айналды. Ал пьесаның жаңарған нұсқасы алдағы күндері Төлеби ауданындағы көрерменге жол тартады.