Балжан Шаменова: «Шымкентте «Аналар аллеясын» ашу керек»
Балжан Шаменова: «Шымкентте «Аналар аллеясын» ашу керек»
Балжан Шаменова: «Шымкентте «Аналар аллеясын» ашу керек»

Жуырда редакциямызға Балжан Шаменова есімді оқырманымыз хабарласқан еді. 9 ұл-қыз өсіріп, олардан 30 немере сүйіп отырған Батыр ана «Шымкентте «Аналар аллеясын» ашу керек», – дейді.

Жасым алпысты алқымдап, жетпіске жақындаған шағымда бейнетімнің зейнетін көріп, немере бағып отырмын. Десек те, соңғы үш-төрт жылда немерелеріммен бірге қаланың көрікті жерін аралауды әдетке айналдырдым. Шымқала Астанаға, Алматыға ұқсап, дамуды жеделдетіпті. Қаланың әлеуметтік мәдени мазмұны да өзгеріп, байыған. Мәселен «Абай» саябағында Ұлы Отан соғысына аттанған 140 мыңнан астам адамның аты-жөні гранит тасқа қашалып жазылған жалпы аумағы 6300 шаршы метрді құрайтын аллея ашылған. «Тәуелсіздік» саябағына ат басын бұрсаңыз, мұнда да граниттен жасалынған 21 тақтайша орнатылған аллея бар. Бұл тақтайшаларда еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең елеулі оқиғалары тасқа қашалып тұр. Ал, «Шәмші әлемі» гүлзарында Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан сазгерлерге арнап салынған «Жұлдыздар аллеясы» бар. Онда еліміздің мәдениетін дамытуға үлес қосқан оңтүстікқазақстандық 48 сазгер мен әншінің аты-жөні жазулы. Сондай-ақ қаладағы саябақтарда спортшылар, жастар, ғашықтар аллеясы да бар. Еліміздің өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосқан азаматтарды құрметтеу деген осы шығар. Дегенмен, батырды да, әнші-бишіні де, спортшыны да өмірге әкелген аналар екенін естен шығармаған жөн, – дейді «Алтын алқа» иегері.

Осы орайда Балжан Шаменова билік басында отырған ер-азаматтарға өкпесі қара қазандай екенін жасармайды. Өйткені, елімізде алтын құрсақты аналар көптеп саналатын Оңтүстікте аналарға арналған аллея түгілі тақтайша да орнатылмаған.

– Бүгінде ақ некесін қидырған жастар қаланың бірқатар көрікті жерін аралап, түрлі ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып жатады. Ескерткішке гүл қойғанша шаңырақ көтеріп, жұбайлық өмірге енді ғана қадам басатын жас келіндер аналар аллеясына ат басын бұрып, Батыр аналарға тағзым етіп, сәлем салса жөн болар еді, – дейді Балжан апа.

Батыр ананың ұсынысы ақылға қонады. Тарихта аты алтын әріптермен жазылған небір апаларымыз бен аналарымыз бар. Шымқаланың демографиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қосып келе жатқан алтын құрсақты жеңгелеріміз де жоқ емес. Ендеше, қаланың төрінен сол кісілерге арнап «Аналар аллеясын» неге ашпасқа?

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ