Úı ANONS Жүргізушілер шу шығарды

Жүргізушілер шу шығарды

Ақбұлақ ауылында жүк көліктеріне қатысты дау өршіді. Тұрғындар ауыр техникалардың ауыл ішімен жүруіне қарсы болса, жүргізушілер мұны заңсыз шектеу деп есептейді. Жолға шыққан жұрт көліктерді өткізбей, тіпті тас лақтырады деген шағым бар. Ал жаңадан қойылған жол белгілерінен кейін айыппұл да көбейген. Тараптардың дауына кім нүкте қояды? Мәселенің мән-жайын алдағы сюжеттен көріңіздер.

 

Ақбұлақ ауылының тұрғындары  жүк көліктерінің ауыл ішінен өтуіне қарсы. Күнде жол бойына шыққан тұрғындар олардың ары-бері жүруіне кедергі етеді. Тоқтамаса тас лақтырып, көлікті зақымдайды екен.

 

Ал жүк көліктерінің жүргізушілері мұны жүріп-тұру құқығын шектеу деп біледі.  Тұрғындардың әрекетінен  ондаған көлік жұмысын тоқтатқан.  Оған қоса жергілікті әкімдік бір апта бұрын  жол жүру белгілерін қойған. «Бұл жығылғанға жұдырық болды» дейді жүргізушілер.

 

ШАХРУХ ШАИНУСОВ, ЖҮК КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ: «Біз заң аясында жүріп жатырмыз. Жүгіміз аз. Бәрі заң талаптарына сәйкес. Құжаттарымыз түгел. Қарамұрт ауылынан жүріп жатырмыз. Мына жақта Қорғаншы, Ақсудан жүріп жатырмыз. Оларға ешкім әңгіме айтып жатқан жоқ. Өйткені біз заң аясында жүріп жатырмыз. Тек қана Ақбұлақтан кіргізбей жатыр. Адамдары жолға шығып алады. Тас лақтырады. Машинамен қысып тоқтатады. Кіргізбейтін несі жоқ»

Жүргізушілердің сөзінше, жол белгісі қойылғалы полиция айыппұл сала бастаған. Ал басқа жол жоқ.  Ауыл сыртындағы айналма жол жүруге жарамайды. Шарасыз қалған жүргізушілер шығынға белшемізден баттық дейді.

 

Ал полицияның өз айтары бар. Олар жол белгілерінің бәрі заң аясында қойылған дейді. Десе де белгісін талапқа сай орнатылғаны не орнатылмағаны жөнінде тиісті орындарға өтініш енді берілген. Дегенмен, осы аралықта ауыл ішінен жүріп өткен жүк көліктеріне айыппұл салынған.

 

Ауыл әкімі Нұрлыбек Сәрсенбиев жүргізушілердің талабы орындалмайды дейді. Айтуынша, 2024 жылы ауыл тұрғындары мен құзырлы орындар жиналып, жүк көліктерін айналма жолмен жүру туралы шешім қабылданған. Ал айналма жол өкіметтің балансында жоқ болып шықты.

 

Ресми жауапқа көңілі толмаған жүргізушілер енді құзырлы орындарға шағым жазамыз деп тарады.

Дилара Иса