Úı ANONS Басшы ауысты, саясат өзгере ме?

Басшы ауысты, саясат өзгере ме?

 Шымкентте ауыс-түйіс. Әкімдер емес, басқарма басшылары жылы орындарынан қозғалды. Талай уақыттан бері басшысыз тұрған Ішкі саясат басқармасына жап-жас азамат келді. Олардың жаппай ауысуына не түрткі болды? Әлеуметтік желі қолданушылары не дейді? Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы болып Парманов келді. Сіздер ойлаған Қоғамдық кеңестің төрағасы Бұқарбай Парманов емес, Азамат Бұқарбайұлы Парманов. Ол 1991 жылы Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 2014 жылы бастаған. Алғашында кірістер басқармасында бас маман болып қызмет атқарып, кейін түрлі мемлекеттік мекемелерде еңбек етті. Ел алдына жиі шығып, жалынды сөз сөйлеп көзге түспесе де, аудан әкімінің орынбасары қызметін бір кісідей атқарды. Бірақ жастар саясаты басқармасын басқарып, көп ұзамай бұл орынды да босатты. Енді ішкі саясаттың тізгіні айтулы азаматтың қолында.

Десе де, Азамат Пармановқа қолдау білдіргендер аз болмады. Ал талай жылдан бері ішкі саясаттың қазанында қайнаған Мөлдір Кеуенова Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына басшы болып тағайындалды.

Бұл шешімді құптағандар да, оның басқа басқармаға ауысқанына бірден сене қоймағандар да табылды. Тіпті әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «басшылардың орындары ауысып кеткен жоқ па екен?» деп күмәнін де жасырмапты. Дегенмен құттықтап, жылы лебіз білдіргендер көп болды.

«Жас келсе – іске» дейді. Кезекті басқармаға 33 жастағы Ермек Полатұлы Тұрманов келді. Қала әкімінің өкімімен ол Шымкент қаласының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды. Білімі жоғары азамат еңбек жолын Еңбекші ауданы әкімінің аппаратында бастаған. Ал бүгінге дейін дәл осы басқармада басшының орынбасары қызметін атқарды. Яғни кабинеттің есігін іздеп әуре болмайды. Біз де су жаңа басшыларға сәттілік тілейміз. Өйткені жаңа қызметтің қызығы көп болғанымен, сұрауы одан да көп.

Нұргүл Жолымбетова