Енді оның өз үйі – өлең төсегі бар

Қарлыға Ашурбекова
Қарлыға Ашурбекова
Қарлыға Ашурбекова

22 жылдан кейін ақталған үміт. Шымкент қаласының тұрғыны Қарлыға Ашурбекованың жолдасы 1991 жылы жол апатынан қайтыс болады. Артында желкілдеп өсіп келе жатқан қызы қалған. Жалғызбасты ана қиындыққа мойынсұнбай, болған іске болаттай шыдас береді. Перзентін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» қатарға қосу үшін белін бекем байлайды. Тағдыры тәлкекке түскен сәтте Қарлығаның анасы да жанынан табылады.

Не үйі, не күйі болмай жүрген сәтте қанатына алып, қос құлынын бауырға басқан. Артынан ақылы дария анасы қызына жалғызбасты ана ретінде үйдің кезегіне тұруға кеңес береді. «Кезек қашан келер дейсің» деген селқос ойы болса да ана сөзін жерге тастамай Қарлыға үйдің кезегіне құжат тапсырады. Кезегінің қалай жылжып жатқанын білу үшін құзырлы мекеменің талай рет табалдырығын да тоздырады. Содан бері табаны күректей 22 жыл дегенде Қарлыға Шымкент қаласының тұрғын үй секторынан жағымды хабар естиді. Баспанадан күдерін үзе бастаған ол әу-баста тіпті сенбейді де. Қолына пәтер кілті тигеннен кейін ғана басыбайлы баспанасының болғанына көңілі нанады. Туған-туыс, дос-жаранға хабарлап, сүйінші сұрайды. Қуанышын қойнына сыйдыра алмаған Қарлыға жақын-жұрағаттың басын қосып, қоныс тойын тойлайды.

Жалғыз қызын қатарынан кем қылмай өсіріп-жетілдіруді ғана ойлаған Қарлыға жеке өмірін қамдастыруды тіпті ойламапты да. Бар мақсаты – моншақты қызын ештеңеден тарықтырмай, ешкімге жәутеңдетпей қанаттандыру ғана еді. Балапаны үшін баз кешіп, тіршілік қамын күйттеумен жүреді. Төккен тер өтелді. Адал перзенті анасының ақ сүтін ақтап, өмірден өз орнын тапты. Қосағымен қол ұстасып, немере сыйлап, бір шаңырақты ұршықтай үйіріп отыр бүгінде. Кезінде тағдырдан аяусыз таяқ жеген келіншек өмірден ақыры өз еншісін алады. Шаңырағының түтіні түзу шығып, өсіп-өніп отыр. Өмір жолы өкпелеткен жалғызбасты ананы мемлекет те елеусіз қалдырған жоқ. Жатса-тұрса, «шағын ғана болса да баспанам болса екен» деп тілеген жалғызбасты ананың арманы орындалды. Енді оның «өз үйі – өлең төсегі» бар. Қарлыға «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жалдамалы бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Арманы алдамаған кейіпкеріміз «бұл бағдарламаның қолға алынғаны қандай жақсы, әйтпесе, біздің үйлі болуымыз неғайбыл еді» деп ағынан жарылды. Әрине, қазір тұрғын үй бағасы шарықтап тұрған кез. Шымкенттен 5 қабатты «хрущевкалардан» жөндеу көрмеген бір бөлмелі пәтердің өзін 25-30 мың доллардың төңірегінде сатып ала аласыз. Жалғыз жалақыға қараған отбасына бұл қол келе бермейді. ОҚО ветеринарлық зертханада қарапайым жұмысшы болып істейтін Қарлығаның да өз күшімен баспаналы болуға қауқары жетпейді. Ал «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы арқылы алған жалдамалы бір бөлмелі пәтері үшін ол небәрі айына 2,500 теңге төлейді. Қарлыға сияқты қоғамның әлсіз топ өкілдеріне бұл шарт өте қолайлы. Бас-пана бағасы бас айналдырып тұрған тұста мемлекеттің қамқорлық танытып осынау бағдарламаны қолға алғаны үй-күйсіз жүрген талай жанның ізгі арманын орындады.

Түйін: «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының арқасында Шымкентте биыл 171 адам баспаналы болды. Оның ішнде Отан соғысының ардагері де, әскери қызметші де, мемлекеттік қызметкерлер де, жалғызбасты ана да, үйі апатты жағдайдағы баспанаға мұқтаж отбасылар да бар. Жуық арада бұл бағдарламаның аясында жас отбасылар да өздеріне тиесілі пәтер кілтіне ие болмақ. «Жас отбасы» санаты бойынша бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 512 азамат тіркелген. Жыл аяғына дейін осы тізімдегілер іріктеуден өтіп, отбасылық табысы тиісті талаптармен расталған соң, баспаналарына ие болмақ. Тұрғын үй нарқы асау аттай бұлқынып тұрған бүгінгідей кезеңде мемлекет шынында да көрегенділік танытты.

Мақпал РЫСБАЕВА