Úı ANONS Жар опырылып, үй құлады

Жар опырылып, үй құлады

Келес өзенінің жағасындағы жар опырылып құлады. Жағдайға байланысты Жуантөбе ауылының тұрғындары қатты алаңдаулы. Бір үй суға кетіп, ондаған баспанаға қауіп төніп тұр. Жергілікті халық мұны өзен арнасынан есепсіз тас қазып, тасудың салдары деп біледі. Ал билік мәселе бақылауда екенін айтып, шешу жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.

 

Жуантөбе ауылында Есіркеповтер әулетінің қара шаңырағы қақ айырылып, құлады. Баспананың басым бөлігі Келес өзенінің жағасындағы жармен бірге опырылып, суға ағып кеткен.

 

Үй иесі Қарлығаш Кеңестің сөзінше, отбасында 6 адам өмір сүреді. Айтуынша, әуелі ошақ-қорасы құлаған. Артынан ескі үйі кеткен. Бұлай жалғаса берсе жар жарылып жаңа үйі де ортасынан түсе ме деп алаңдайды.

 

ҚАРЛЫҒАШ КЕҢЕС, ЖУАНТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Үй құламай тұрып ауыл әкімшілігіне барғам. Қандай көмек болады деп. Олар Келес арнасын бұрамыз, өтініш тастап кетіңіз деді. Кейін 1 апта 10 күннің ішінде қайта бардым. Не болып жатыр деп. Олардан еш жауап болмаған соң аудан әкімшілігіне бардым. Төтенше жағдай қауіпті деп танып тұрған жоқпыз дейді. Одан кейін облыс әкіміне жазылып кірдік. Облыс әкімі Келес арнасын бұрып береміз 25-ші жылға жоспарланған деді».

Енді Келес өзені жағасына салынған 60-қа тарта жеке үйдің иелері алаңдап отыр. Олар жалғыз баспанамыздан айырыламыз ба деп алаңдайды. Себебі өзен жағасындағы жар бір айдың ішінде шамамен 40 метрге дейін үгітіліп кеткен. Тұрғындар бұған өзен  арнасының бұрылуы себеп дейді.

 

РҮСТЕМ ОРАЗБАЕВ, ЖУАНТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Карьерден болып тұр. Келестің деңгейі төмен түсіп бара жатыр. Деңгейі түсуі тас алғаннан түседі. Басқа вариант жоқ.  Дәл қазір іншектің үйі құлап отыр. Екінші алыстатып соғып алған үйі – оған да қауіп төніп тұр. Одан сәл жылжыса бәрімізге қауіп. Қатарынан 12 үй».

Тұрғындар жар осылай жарыла берсе ондаған үйден бөлек ауыл мектебіне де қауіп төнеді дейді. Олар мұны Келестен тас алатындардан көреді. Айтуларынша, бұл өзен ағысын күшейтіп жіберген. Аудан әкімдігі өзен бойыншаға 60-қа жуық жеке тұрғын үйге қауіп төніп тұрғанын жоққа шығармайды.

 

СҮЛЕЙМЕН ЖЫЛҚЫБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Келесті 2024-ші жылы 11 жерден қию жұмыстарын жүргізгенбіз. Қазіргі уақытта Абайдан басталады, мына Ғани Мұратбаевқа дейін Келес өзенінің бойындағы жар ұрып жатқаны жөнінде біз тиісті акт толтырып, тиісті төтенше жағдай басқармасына жолдаған болатынбыз».

Десе де төтеншеліктер мәселені білгенімен, амал жасамаған. Қазірдің өзінде еш шара қолданбай отыр.  Ал әкімдік шамамыз келгенше өзен арнасын бұрып, опырылған жерді бекітеміз деп уәде етті. Әйткенмен тұрғындар тас қазуды тоқтатпайынша бәрі зая дейді.

Дилара Иса