«Оңтүстік Рабатты» сұрайтын оқырман көп»

Раушан Исағалиқызы

Баспасөзге жазылу науқаны қыза түскен шақ. Келесі жылдың жартыжылдығына мерзімді басылымдарға жазылу үшін оқырмандар көптеген байланыс мекемелерін жағалап жүргені де анық. Бүгінгі оқырман газет-журналды дер кезінде әкелетін байланыс бөлімін таңдауға тырысады. Бұл орайда «ERNUR» корпорациясының еншілес кәсіпорны «Ernur-press» ЖШС-нің алар орны ерек. Оқырманға басылымдарды уақытында жеткізу ісіне жауапкершілікпен қарап отырған ЖШС-ның Шымкент қалалық баспасөзге жазылу бөлімшесіне қатысты оқырмандардан ілтипатқа толы пікірлер азайған емес.

Орайы келгенде оқырмандардың алғысын аманаттай етіп бөлімше бастығы Раушан Исағалиқызына жеткізуді жөн көрдік.

Раушан Исағалиқызы
Раушан Исағалиқызы

– Сіздердің мерзімді басылымды уақытылы жеткізу ісіне риза болатын оқырман көп. Мұндай жетістікке оңайлықпен қол жеткізбеген боларсыздар?

– Иә, әрине, қай істе болмасын жауапкершілік қажет. Жауапкершілік пен ұқыптылықты бірінші кезекке қоятындықтан болу керек бүгінде біздің ісімізге көңілі толатындар көп. Соданда болса керек, алдағы кездегі жазылу науқанында біз арқылы мерзімді басылымға жазылуды қалайтындар аз емес. Десек те, оқырман тарту үшін басылымның өзі де мазмұнды, қызықты, жан-жақты, оқылымды болуы қажет. Әйтпесе, «мына газетті оқыңыз» деп қанша үгіттесең де, бүгінгі оқырман көзі қарақты, көкірегі ояу, өзі қаламаса жазылмайтыны ақиқат. Бұл орайда, біздің жазылушыларымыздың арасында «Рабат» қанша тұрады?» «Оңтүстік Рабатқа» қалай жазыламын?» деп сұрайтындары көп. Оларға, әсіресе, соңғы жаңалықтарды боямасыз қаз-қалпында беру стильдеріңіз, сонымен бірге анықтамалық көптеген керекті кеңестеріңіз мен қаперінде жүретін ақпараттарыңыз ұнайды. Жазылуға келгенде біз өз тарапымыздан қызығушылықпен сұрап отырамыз. «Бұл басылым несімен ұнайды? Не үшін оған жазылып жатырсыз?» деп. Сондай кезде осындай жауаптарды алатынымыз жасырын емес.

– Өзіңіз ше? Өзіңіз біздің газетті оқисыз ба?

– Әрине оқимын. Жасы тоқсанға келген атам бар. Сол кісіге үнемі «Оңтүстік Рабатты» жаздыртып беремін.

– 2014-ші жылдың 1-ші жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны басталып кетті. Жазылу ісін қалай ұйымдастырып отырсыздар? 

– Жаңа шыққан өзіміздің каталогымызды мекемелерге таратып, мерзімді басылымдарға жазылуға қызыққан ұйым, мекеме басшыларына барып, ұжымның ақпараттан қағылмауы үшін осы бір жауапты науқанға сергек қарауын өтініп, келісімшартқа отырып жатырмыз. Тіпті, сізге айта кетейін, біздің сапалы қызметімізді қажет етіп жатқан мекемелер қатары көп болғандықтан, әрі баспасөзге жаздыру жұмысының ауқымы көбеюіне байланысты бөлімшедегі менеджерлер қатарын көбейтуге тура келді. Мұның өзі біздің бөлімше жұмысына сенім артқан жазылушылардың қатары күн санап өсіп отырғандығын айғақтайды. Бүгінде өз істерінің майталман маманы атанған менеджерлер баспасөзге жазылу науқанына қызу кірісіп кетті. Әлі де болса біздің мамандар бара қоймаған мекемелер болса, хабарласып, өз өтініштерін, тапсырыстарын беруіне мүмкіндігі бар. Кез-келген жазылушы біздің қамқорлығымыздан тыс қалмауына тырысудамыз. Хабарласқан жағдайда барып, сол мекеме, ұйымда баспасөзге жазылу ісін ұйымдастырып беруге дайынбыз.

– Раушан Исағалиқызы, бүгінгі Шымкент кешегіден мүлдем бөлек. Қала аумағы кеңейген. «Мирас», «Ақниет» шағынаудандары қала аумағына еніп отыр. Қала іргесіндегі бұрынғы Сайрам, Ордабасы аудандарынан енген ауылдарды газетпен қамтамасыз ету ісі қалай болады? Ол жаққа да жеткізу мүмкіндіктеріңіз бар ма? Мүмкіндік болған жағдайда, сіздер газеттерді жинап, өзге байланыс қызметтері секілді айына 1-2 рет тасымалдайтын боларсыздар… 

46-011

– Жоқ олай емес, біздің бөлімшеміз аптасына 5 рет тасымалдаушылар арқылы және автокөлікпен оқырмандарға газет-журналдарды уақытылы, сапалы түрде жеткізіп тұрады. Баспасөзге жазылушылардың тарапынан бүгінгі күнге дейін ешқандай наразылық болған емес. Сонымен қатар, сіз айтып отырған қаламыздың шет аймақтарында орналасқан шағынаудандарды да түгел қамтуға мүмкіндігіміз бар. Қазірдің өзінде «Қайтпас-1», «Қайтпас-2», «Асар», «Достық» сынды шағынаудан тұрғындарына басылымдарды дер кезінде жеткізу ісі жолға қойылған. Біртіндеп өзге шағынаудандарды да қамтуға тырысып жатырмыз. Біздің басты міндетіміз – баспасөзге жазылушылардың көңілінен шығу.

– Өзге басылымдармен қатар «Ernur-press» ЖШС-нің өз өнімі, төл газеттері барын білеміз. Олардың жағдайлары нешік? Біле отырсақ… 

– Баршаңызға белгілі, «Ernur-press» ЖШС-нің төл өнімдерінің бірі 80 мыңнан астам таралыммен шығатын «Алтын босаға» газеті. Оны оқырмандарының жүрегіне жол таба білген басылым деп білемін. Сонымен қатар, «Алтын босаға.kz» атты журнал жарық көрді. Алғашқы санынан бастап-ақ, оқырман сұранысына ие болған журналды біздің жетістігіміздің бірі деп сеніммен айта аламын. Сонымен қатар, «Алтын сандық», «Ұстаз жаршысы», «Берекелі дастархан», «Денсаулық құпиясы», «Ғашық жүрек», «Жүз жасаңыз», «Арна тв», «Формат» газеттері де өз оқырмандарының көңілінен шығып, халық ризашылығына ие болып жүрген жайы бар.

– Газетке сіздер арқылы жазылған оқырманға не айтар едіңіз?

– Айтарым өзіңізге ұнаған басылымды жаздыртып алуға, ең бастысы оны уақытылы алып оқуға мүмкіндігіңіз бар. Тек қана бізбен байланыссаңыз болғаны. Сіз қалаған басылымға жазылуды ұйымдастырып, жеткізіп беруге дайынбыз. Оқырман сұранысын қанағаттандыру – біздің басты парызымыз. Сондықтан, біз басылымға жазылушыларды басты назарда ұстап, қашан да адал қызмет етуге тырысамыз.

Біздің мекенжайымыз: Шымкент қаласы, Әлімқұлов көшесі, 22 үй.

Байланыс телефоны: 53-06-66, 53-77-21.

– Әңгімеңізге рахмет. Біздің оқырманымыз, сіздің жазылушыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан – Сая ЖҰМАҒҰЛОВА