Самал — 3 шағынауданының тұрғындары көптен күткен табиғи газға қол жеткізді. Осындағы 10 көшеге тартылған құбыр арқылы газ беріле бастады. Жүргізіліп қойған жүйені әне-міне іске қосамыз деген басшылардың құрғақ уәдесінен шаршаған жерлестеріміздің мәселесіне біздің түсірілім тобы араласқан соң барып, өз шешімін тапты.
Бірақ, биыл 1500 үйге газ құбыры жүргізіледі деп қазынадан 294 миллион теңге бөлінгенімен, әзірге 112 баспана ғана газды тұтынып отыр. Естеріңізде болса, Самал — 3 шағынауданының тұрғындары осыдан бір жеті бұрын 2-3 жылдан бері жарық пен көгілдір отынға жарымай келгенін айтып, арнамызға арызданып келген болатын.
Нұрлан Тілеш, Абай ауданы әкімінің орынбасары:»Бұл — бірінші кезең деп отырмыз, ал екінші кезеңде 4000-ға жуық абонентке жобалық-сметалық құжаттарға тапсырыс беріп қойғанбыз. Құдай қаласа, жоба дайын болғаннан кейін келесі жылы қаржы бөлінсе, ұсыныс беріп, бұл жұмысты бастаймыз.»
Шағынауданға табиғи газдың жеткізілуі, әсіресе, әйелдер қауымын қуантып отыр. Орынкүл Әбдіхалықова асханадан шықпай, көгілдір отынның көмегімен ас-ауқатын дайындауға кіріскен. 71 жасар зейнеткер жанұсын жинап, осы қуанышты айрықша атап өтпек.
Орынкүл Әбдіхалықова, зейнеткер: «Біз енді тамақты жақсылап, қуана әзірлейтін болдық қой. Әрине, табиғи газды жаққан тиімді. Бұған дейін біз баллондармен әбігерге түсуші едік. Ол өмірімізге қауіп төндіреді деп тағы қорқып жүретінбіз.»
[youtube]http://youtu.be/GZzzZu50CGw[/youtube]