Судың да сұрауы бар…

Шымкентте ең қымбат ауызсуды тұтынатын – Самал-3 шағынауданының тұрғындары болып шықты. Құбырдан аққан тіршілік нәрі үшін елдімекендегі жұрттың алды ай сайын жеті мың теңге төлейді. Айтуларынша, монополист тозығы жетіп, шұрқ тесілген құбырлардан аққан судың құнын да тұтынушыдан өндіріп алады екен.

Бес айдан бері пайдаланған суының көліменен бөлек үш есе артық төлем төлеп келгендердің тағаты таусылғандай. Тиісті орындарда айтылған тұрғындардың уәжін тыңдайтын құлақ табылмай отыр.

 Сағынтай Фазылбеков, тұрғын: «Басқа жылдары осы айларда суға 200-500 теңге  төлейтінбіз. Қазір қазан айына 4280 теңге келіпті. Себебін сұрасақ, «бір жерде құбыр тесілген» дейді. Анығын сұрасақ, мардымды жауап бермейді. Суарып жатқан бақша жоқ, не жағып жатқан монша жоқ, бұл не деген сұмдық?»

Монополист мекеме өкілдерінің де айтар уәжі бар. Шағынаудан тұрғындары коммуналдық қызмет ұсынушымен келісім-шартқа отырған. Сондықтан, судың барлық шығыны тұрғындардың мойнына жүктеледі.

 Жақсылық Елеусізов, «Су және кәріз құбыры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының учаске бастығы: «Тұрғындар өздері келісіп, жеке жәшік қойғаннан кейін су кіргізген. Келісім-шартта көрсетілгендей, жалпы өлшеуіш құралынан қанша су шықса, жеке тұлғалар айырмашылығын төлеуі тиіс.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZCq1kPHN-TE[/youtube]

Мұнымен тұтынушылардың құқығын қорғау орталығының маманы келіспейді. Өйткені, заңға сәйкес әр тұтынушы өзі пайдаланған қызметі үшін ғана төлем жасауға құқылы.

 Ғани Өмірәлиев, тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестігі төрайымының орынбасары: «Түрлі себептермен су жоғалып жатыр дейді. «Водоканал» судың шығынын тұтынушыға артпауы керек. Су таратып жатқан мекеме «Су арнасы» болғандықтан, барлық мәселені өздері шешуі тиіс.  Заң талаптары осындай.»

Ал тұрғындар мәселе қайта қаралмаса, жоғары жаққа арызданудан таңбаймыз деп отыр.