«Балапан» бағдарламасының орындалу барысы

480

2012 жылы «Балапан» бағдарламасы бойынша облысымызда 3 пен 6 жасар 107 216 бала балабақшаға барып, оларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 61,3 пайызды құраған болатын. Ал бүгінде өңірімізде 3 пен 6 жасар 124 100 бала балабақша табалдырығын аттаған. Сонымен қатар, біздегі жекеменшік балабақша саны 300-ден асып отыр. Яғни, «Балапан» бағдарламасы бойынша 2013 жылға жоспар артығымен орындалды. Обыстық білім басқармасының басшылығы осылай дейді.

Серік Әуесханов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Осылайша биылғы межеленген жоспарды орындап жатқан жағдайымыз бар. Тіпті, оны артығымен орындап отырмыз. Меже 65 пайыз болса, біз 67,2 пайызға орындап, жоспарды 2,2 пайызға артығымен орындап отырмыз.»

Серік Елемесұлының сөзіне сүйенсек, өңірімізде 3 пен 6 жасар балалардың 67 пайыздан астамы балабақшаға барады. Алайда, күні кеше облыс әкімдігінде баспасөз-брифингін өткізген облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Айдарұлы таратқан ақпар мүлде өзгеше.

Арман Абдуллаев, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы: «Балапан» бағдарламасы бойынша 66 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды. Нәтижесінде балабақша саны 1128-ден бүгінге дейін 1194-ке дейін артып,3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 62 пайызға жетті.»

Міне, білім саласына жауапты басқарма 67,2 пайыз десе, облыс қазынасын пішіп, кесіп отырғандар 62-ні айтып отыр. Кімдікі дұрыс? Кімдікі бұрыс? Әлде екі басқарманың бірі көрші облысқа көшіп кетті ме? «Қойшы көп болса, қой арамы өледіні» осындайда айтқан-ау, шамасы. Десе де, өңіріміздегі білім ошақтарына, бала тәрбиесіне Серік Әуесханов жаупты. Сондықтан бұл кісіге сұрақты басқаша қойып көрдік.

— Жалпы, «Балапан» бағдарламасы бойынша республикадан бізге қанша қаражат бөлініп, оның қаншасы игерілді?

Серік Әуесханов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Жалпы, бөлінген қаржының барлығы толығымен игеріліп отыр. Енді жыл сайынғы бала санының өсіміне байланысты ҚР білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімдігі арасында түзілген меморандум бар. Сол меморандумға сәйкес мемлекеттік қаржысын жыл басында білім министрлігі тарапынан аударылады.»

Осылайша республикалық қазынадан «Балапан» бағдарламасы аясында облысқа бөлінген қаржы көлемін жауапты басшы білмей отыр. Бірақ, бір білері — ол қаржы толықтай игерілген. Расында да қаражат толықтай игерілсе, осы бағдарламамен ашылған Мақтараалдағы 44 балабақшаға әлі күнге дейін мемлекеттен бір тиын бөлінбеген. Дегенмен, ол олқылыққа бөбектер үйі басшылығының өзі кінәлі дейді мамандар. Мемлекеттік тапсырысқа жарияланған байқауға ілікпей қалған көрінеді.

Көптеген сауалға күдікті жауап бар. Оны құзырлы мекемелердің еншісіне қалдырайық. Қуантарлығы сол, облыстағы балалар саны бір жылда 21 мыңға өсіпті. Мәселен, биыл 97 мыңнан астам баланы тәрбиелеуге мемлекеттік тапсырыс берілсе, келер жылы бұл көрсеткіш 109 мыңнан асатын көрінеді.