А.Мырзахметов: «Елбасы жолдауы – жергілікті билік үшін үлкен жауапкершілік»

Асқар Мырзахметов
Асқар Мырзахметов
Асқар Мырзахметов

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 17-қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауына орай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов төмендегіше пікір білдірді.

«Елбасы жолдауының қайсысын алып қарасаңыз, жолдаудың стратегиялық маңыздылығы мен белгілі мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы жолдау да осы тұрғыдан сипатталып отыр.

Жолдаудың басты ерекшелігі – Елбасының өзі айтқандай 30 дамыған елдің қатарына ену жолдары осы құжатта қамтылып, бағыттары нақтыланып, айқындалып отыр. Экономиканың өсімі жылына 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді. Ал егер өсім 5-6 пайыздан жоғары болса, стратегиядағы көзделген мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізетініміз атап көрсетілді. Сол себептен Президент саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізу, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне басымдық берілді. Біздің өңір үшін де маңызды болып табылатын шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығына және әлеуметтік салаларға, жұмыссыздықпен күреске ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, Шымкенттің ірі қалалар агломерациясына енгізіліп, заманауи урбанистік орталыққа айналу керектігі оңтүстікқазақстандықтар үшін қуанышты хабар болса, жергілікті билік үшін үлкен жауапкершілік. Ғылым, инфрақұрылымдар мен логистиканы дамыту жайлы айтылған міндеттердің өңір үшін маңыздылығы тағы да дәлелденіп отыр.

 

Жергілікті биліктің құзіретін күшейту керектігі және соған сәйкес сұраныстың да болатыны − бұл да осы жолдауда айтылған маңызды саяси шешімдердің бірі.

Жолдау – мемлекеттік мекемелер үшін міндетті түрде орындалуға тиіс саяси құжат. Облыс әкімдігі жүктелген міндеттерді орындау үшін қажет шараларды қабылдап, тиісті жұмысты атқаратын болады. Ал, облыс тұрғындары бұның алдында қабылданған жолдауларға көрсеткен қолдауларын биыл да көрсетіп, бірліктің арқасында осы жолдау аясында да тиісті жұмыстар атқарады деген сенімдемін.»