Шаруашылықтың жайы талқыланды

Оңтүстіктегі ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болып жатқан мәселе қандай? Өңіріміздің шаруалары мен облыстық кәсіпкерлер палатасы осы жәйттерді талқылады. Айтуларынша, шағын және орта бизнеске жасалған қолдау ауылдағы шаруаға жетпейді. Қажетті техниканың да бағалары шарықтап кеткен. Осы сынды проблемаларға тап болған мақтааралдық шаруалар субсидиядан өзге көмектен қағылып отырғандарын жайып салды.

Кәсіпкерлер палатасы

Жұматай Мүмітәлиев: «Егер 1 миллион теңге ақша берсе, менен асқан миллионер адам жоқ. Субсидияның өзін қолыма берсе, бұл шаруаны ары қарай дамытуға үлкен мүмкіндік болар еді. Себебі, 6 айға дейін айлық алмаймын. Тек шығын шығарам. Менің отбасым бау-бақшамен күн көреді.»

Дихандарды мазалайтын тағы бір жәйт – өнімді жинау кезіндегі жанармай бағасының шарықтап кетуі. Ала жаздайғы еңбегінің жемісін шаруа енді көремін бе дегенде тапқан пайдасын осы сынды шығындарға жұмсайды екен. Айтуларынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасы мандытып жұмыс істеп тұрған жоқ. Көктемгі егіс жұмыстарында да қаржыландыру өте төмен. Дегенмен, мұнымен ауыл шаруашылығы басқармасындағылар толықтай келіспейді.

Кәсіпкерлер палатасы

Тұрғанбек Оспанов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Мақта ексеңіз, тұқымға арзандатылған тұқым беріліп жатыр. Ол сараптамадан өткен тұқым. Ал селитра біздің 48 ғана қажеттілігімізді орындап жатыр. Оны пропорционалды бөліп отырмыз. Оған да жәрдем беріп жатырмыз.»

Еліміз үшін шағын және орта бизнесті дамыту – аса маңызды. Тіпті, кәсіпкерлер кедергіге тап болмауы үшін заң жобасына өзгеріс енгізуді Елбасының өзі тапсырды. Бүгінгі сұрақтар пен ұсыныстар тиісті ережені жаңартуда айтарлықтай әсер ете алары сөзсіз. Сондықтан жиында сөз етілген мәселелер енді Үкіметте қаралу үшін Елордаға жіберілмек.