Қаллеки театры – Шымкентте

676

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Шымкентке келді. Сәуірдің бесі мен оны аралығында астаналық театр тоғыз түрлі қойылым ұсынбақ. Академиялық театрдың гастролдік сапарының  салтанатты ашылу рәсіміне Әшірбек Сығай сынды театртанушылар мен қатар өнер майталмандары қатысты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vuYlQUtAnNs[/youtube]

Алғашқы күні  Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы ұсынылды. Астаналық Қаллеки театрының шымылдығы дәл осы қойылыммен ашылуының өзі тегін емес. КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, қазақ режиссурасының қарагері Әзірбайжан Мәмбетовтың бұл қойылымы театр репертуарынан түскен емес.

– Бұл – Әзекеңнің көзі тірісінде қойылған, әлі күнге дейін көрерменімен қауышып келе жатқан жалғыз қойылым. Спектакль – кино емес. Бір түсірілген күйі таспаға айналатын. Бұл теберік дүниені театрымыздың репертуарынан түсірмек емеспіз, – дейді Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі Сұлтан Сраилов.

Бар ғұмырын теміржолдың бойында өткізген майдангер Едігенің образы арқылы кешегі кеңестік кезеңде үсік шалған тағдырлар тәлкегі берілген. «Едіге образын Әзірбайжан Мәмбетовтың өзі маған ұсынған болатын. 2002 жылдан бері үзбей өзім ойнап келемін. Алдағы уақытта да, амандық болса, аманатқа қиянат жасамақ емеспін. Кеңестік кезеңдегі қилы тағдыр, ащы өмір шындығын ашқан образды енді шымкенттік көрерменге жеткізбекпін» дейді «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасындағы басты ролді сомдаған ҚР мәдениет қайраткері Болат Ыбыраев.

Гастролдік сапардың екінші күнін С.Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасымен сабақтаған Қаллеки театры қойылымдарды Д.Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи драмасы мен Э.Хушвақовтың «Қызыл алма» лирикалық комедиясымен жалғап отыр. Одан кейін И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» мен Е.Жуасбектің «Сен үшін» комедиясын тамашалауға мүмкіндік бар. Айта кетейік, қойылымдар Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры мен облыстық опера және балет театрының сахналарында жүріп жатыр.