«Думан» халық театры жеңіспен оралды

375
"Думан" театры 2-орынды жеңып келді

Жерлестеріміз – жеңімпаз! М.Әуезов атындағы ОҚМУ мәдени тынығу қызметі кафедрасының «Думан» халық театры Павлодар қаласында өткен республикалық додадан 2-орынды жеңіп келді. Еліміздің бірегей жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысқан сайыста біздің топ намысты қолдан берген жоқ.

"Думан" театры 2-орынды жеңып келді
«Думан» театрының ұжымы

Павлодар қаласындағы сайыс барысында жас өнерпаздар Жолтай Әлмашұлының «Тірі жан» қойылымын сахналаған. Оқиға желісі бойынша жетім балалардыңдың тағдыр тәлкегіне тап болуы баяндалады. Туындыда олардың шетелге сатылуы да ашық көрініс тапқан. Пьесаны көрермен алдында шебер сомдап шыққан өнер иелері жүлделі орынды жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Ерлан Ақылбеков
Ерлан Ақылбеков

Ерлан Ақылбеков, студент: «Шымкенттің өнерін өзге облыстар алдында паш етіп келдік. Керемет әсер алдық. Шынымды айтсам, түрлі сайыстар арқылы өнерге деген, мәдениет саласына деген құрметің күшейе түседі екен. Мен бұл спектакльде шетелдік балаларды сатып алушы кейіпкердің рөлін ойнадым. Көпке ұнады. Бірақ мен өз ойымдағыдай сомдап шықтым деп айта алмаймын. Сахнада қобалжу деген болады, сондықтан алдағы уақытта да театрда тағы да шыңдаламын деп ойлаймын.»

Ерланнан бөлек «Думан» студенттік театрында көптеген жастар тер төгіп, жаңа қойылымдарға дайындығын пысықтайды. Бәрінің арманы бір – театр майталманы болу. Сондықтан мәдени тынығу қызметі кафедрасына қарасты студенттер қойылымның дайындық сәттерін қалт жібермейді. Ал ұстаздардың айтуынша, әртіс болу үшін сұлулық пен сымбат жеткіліксіз.

 

 

Нәсіпханым Камалова, мәдени тынығу қызметі кафедрасының профессоры: «Ең алдымен, студенттің бет-бейнесіне, бойына қараймыз. Дауысы да маңызды. Себебі, көрермендерге әрбір сөзді түсінікті етіп жеткізуі керек қой. Әрбір айтылған уәж көптің жүрегінен орын алуы қажет. Оның қабілетіне, рөлді қаншалықты өзінің бойына сіңіру деңгейіне баса назар аударамыз. Қазіргі жастардың көбі танылсам, көптің алдына шығып, рөл ойнасам деген ниетпен театрға көңіл бөледі.»

Осыдан 5 жыл бұрын құрылған студенттік, халықтық «Думан» театрының жоспары да жоқ емес. Жаңа пьесаларды сахналамақ. Және жуырда еліміздің алып қалаларында өтетін байқауларда бақ сынап, қаламыздың абыройын асқақтатуды мақсат етіп отыр.