«Бақ іздеген бейбақтарды» айтам. Түнеу күні Ж.Шанин атындағы драма театрда ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбектің қоюымен Ф.Буляковтың «Бақ іздеген бейбақтар» трагикомедиясының премьерасы болды. Башқұрт жазушысының айтқысы келгені қоғамның қатыгезденіп бара жатқаны. Соның дәлелі – мәпелеп өсіріп, аялап ержеткізген ата-анасын өткізе салатын бүгінгі жастар мен бала сүймеген, жарынан айрылып қу басы жалғыз қалғандар үшін қарттар үйінің бары, онда тұратындардың отбасылық жылуды аңсайтынын жеткізу болатын. Қоюшы режиссер Сая Қасымбек көрерменге осыны жеткізе алды ма?
Әрине, қойылым тек режиссерлік шешімнен тұрмайтыны анық. Дегенін көрсете білуде әртістің өзіндік қолтаңбасы, әртістің өз шешімі де болуы қажеттілік. Осы орайда Ақлиманың ( әртіс — Раушан Салова) бірден көрерменді тек өзіне баурап ала жөнелгені бар. Бұл рөлді сомдаушы әртістің көп жылғы сахнада жинаған тәжірибесі оған үлкен көмек бергені байқалады. Дегенмен, «Бақ іздеген бейбақтардағы» нанымды ойналған образ ол Бибіхан рөлі (әртіс ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспай) болған сияқты. Әрине, мұның барлығы көрермен көзімен қарағанда. Қойылымның басынан аяғына дейін бір қалыпты ұстап шығу, өз образынан ауытқып кетпеу, оның үстіне қажыған, қартайған, (аяқ-қолы қалтырап, дірілдеп) әрең сөйлеп, нашар еститін образды сомдаудың өзіндік қиындығы барын ескерген жөн. Мысалы, спектакльдің басында аяғын шолтаңдатып басып, ақсаңқырап жүрген Сәлима кемпір (ҚР Мәдениет қайраткері әртіс Ғазиза Қасенова) кей тұстарда сол «ақсаңқырап» жүретін жүрісінен жаңылып кеткен сәттері болды. Қатал, мейірімсіздеу, әрдайым темірдей тәртіптің болуын талап еткіш староста Фатиманың (әртіс, ҚР Мәдениет қайраткері Айжан Жұмабекова) жалпы алғанда ішкі дүниесі басқа екенін аңғаруға көрерменнің көзі міндетті түрде қарақты болуы керек емес-ті. Мейірімді, аялы алақанды аңсау, отбасы ошақ қасында жаман да болса өз теңімен шүйіркелесіп бірге отыру бұл Ақлиманың да, Сәлиманың да, Бибіхан мен Фатиманың да басты армандары. Онысын «бейбақтар» орталарына өздері секілді «бақ іздеген…» Абдулла (ҚР Еңбек сіңірген әртісі Мұхан Шәкіров) келгенде айшықты түрде көрсете білді. Көрерменді бір жылатып, бір күлдірген тұс та осы сәттер болатын. Әсіресе, Фатиманың Абдулладан тықақтап тұрып, «Үйің бар ма? Үйіңде пешің бар ма? Ол жақсы жыли ма?» дегені жалпы алғанда көп көрерменді күлдірткенімен, «дәл сол жылу ғой аңсағаным» деп тұрғаны анық. Бұл бойыңды шымырлатып жылататын тұс. Ақлиманың да аңсағаны сол. «Әніме қосылатын жан болса қасымда» дейді ішкі арманы. Ал Сәлима Абдулланың үйін сүйген жары салғанын естігенде шынымен-ақ есі кетеді. Аяулы жарының алақанының табы қалған үйде тұрсам деген арманның жетегіне ілеседі. Аяғын әзер басса да, дімкәстігіне қарамастан қасындағы «кемпірлерден» қалмай Абдулланың үйіне барып тұрудан Бибіхан да дәмелі. «Бақ іздегендердің» барлығы да осынау армандарын тек Абдулла «бейбақтан» табуы да күлкі үйіртетін тұс. Бірақ, Абдулла образы ер азаматтардың жиынтығы. Әркім өзіне ұнағанын таппаққа ынтық. Әлсіз, аурушаң «арулар» қамқорлыққа, қорғанышқа зәру. Соны аңсайды. Ал Абдулла бейбақтың дәл өздері секілді «бақ іздеген» пенде екенін білгенде арман-айналары быт-шыт боп сынды да кетті.
Қарттар үйінің бастығы (әртіс, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұлов) сахнаға бір шығып, бір кіруімен көрерменді онша тарта қоймағаны рас. Ішбауырына кіріп, қамкөңіл қарттардың жан сырын аша түсуге септігін тигізетін осы бастық образы болуы керек пе еді, кім білсін. Дегенмен, мұның өзін «жұмысбасты, қолы тимес» бастық кейпі солай болуы да керек шығар деген оймен жеңдірдік.
Сахнаның безендірілуінде аса артық қаржылай шығын, ұшқыр-қиял көзге көрінбегені рас. Бірақ, жауын сыртылы, төбеден аққан судың дыбысы көрерменге жақсы әсер сыйлады. Сыртқы әлем мен ішкі дүниенің арпалысқа түсетін шағында музыканың бір сөніп, бір қосылуы да кейіпкерлердің образын ашуға берілген көмек деп білдік.
Тоқ етерін айтқанда көрерменді жылатып алып, күлдіре салу оңай шығар. Ал күліп отырғанды жылата беру қиындау ма, қалай? Бәлкім керісінше болар… Қалай болған күнде де Сая Қасымбек «Бақ іздеген бейбақтарымен» көрерменге ой салды. Күліп отырып жыладық. Жылап отырып күлдік. Трагикомедияның мақсаты да осы болса керек-ті. Ал мақсат орындалған болса, бұл режиссердің жеңісі. Әртістердің шеберлігі. Шеберлік дегеннен шығады, спектакльде ойнаған әртістердің барлығы да Шаниндегі аға буын әртістер. Соңғы кезде оларды сахнадан сирек көретініміз бар. «Жастар көрінсін, жастар ойнасын» деген қағидатқа да қарсы шыға алмаспыз. Селдірей түскен сахна сардарларының бір топ боп шығуы да өзіндік әсер сыйлайды екен. Тіпті режиссер әдейі соларды ғана іріктеп алғандай. Жоқ, бәлкім соларды ойнату үшін Флорид Буляковқа «барған» болар. Кім білсін…біз көрерменбіз. Көкейге түйгенді ғана айта алатын.
Айтпақшы…
Биыл қара шаңырақ Ж. Шанин атындағы драма театры 80 жылдық маусымына зор дайындықпен келіп отыр. Елге тәуір қойылым ұсынуды мақсат тұтқан. Ш.Айтматовтың «Жанпидасы», «И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Д.Исабековтың «Мұңлық-Зарлығы», С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнағы», бәрі-бәрі биыл репертуарда. Балалар да ұмыт қалмапты. Оларға қосымша түрлі ертегі қойылымдары да бар. Тек театрға барсаңыз болғаны.
Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ