Оңтүстікте жөн-жосықсыз ескерткіш орнатуға тыйым салынған

952

Оңтүстіктегі ескеркіштің барлығы бірдей заңды ма? Бұған дейін ел басқарған, мектеп ашқан, тіпті, депутат болғандардан бастап, ең ақыры, өмірінен ешқандай өнеге қалмағандарға да ескерткіш орнатылып, елді шулатқан өңірімізде бой көтерген ескерткіштердің көбі талапқа сай емес. 

Табан тиген жер тарихтан сыр шертетін Оңтүстіктегі ескерткіштердің саны бір мың екі жүзден асады. Оның мыңы археологиялық болса, қалғаны сәулет жәдігері. Ал облыс орталығы Шымкентте жиырмадан аса тас мүсін бар. Тек сол бой көтерген мүсіндердің басым бөлігі талапқа сай емес дейді сәулетшілер.

Бағлан Балғынбаев, қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің аумақтарда құрылыс салу секторының меңгерушісі: «Бірінші, жер телімі болу керек. Ол жерге эскиз жасау керек. Эскиз жобасы қалалық құрылыс кеңесінде қаралады. Ол жерден оң бағасын алса, мәдениет министрлігіне жіберіледі. Сол жақтан келісім алып болғаннан кейін ғана ол жұмыс ары қарай жүреді. Өкінішке орай, бізде қалада ескерткіштің барлығы ол процедуралардан өтпеген. Дегенмен, орындарында тұр.»

Ақпан, Жолан батырларды айтпағанда күні кеше ашылған Алпамыс батыр ескерткіші сәулет бөлімінің талабын сақтамақ түгілі тиісті мекемеде тіркелмеген. Ескерткіш салуға тек мемлекет қана емес, жеке тұлға мен қоғамдық ұйымдар да ұсыныс жасай алады дегенді алға тартқандардың арасында сәулет туындысын орнатуды еріккеннің ермегіне айналдырғандар да болыпты. Сол себепті Оңтүстікте жөн-жосықсыз бой көтеретін ескерткіштерді орнатуға тыйым салынған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Mw0v_JoNvmY[/youtube]

Ербол Алтынбек, ОҚО мәдениет басқармасының тарихи, мәдени құндылықтарды сақтау бөлімінің басшысы: «Біздің облысымыз былтырғы жылдары ата-баба, туысқандарына ескерткіш қою бойынша кішігірім аты шыққандар да болды. Енді қазір қатаң түрде тапсырма берілген. Облыс әкімінің атынан барлық аудан-қала әкімдіктеріне арнайы хат жазып, тапсырмаларды бердік. Бұдан былай мемлекеттік комиссияның ережесіне сәйкес келмейтін, олардың шешімінсіз ешқандай ескерткіш орнатылмайтынын қатаң талап етіп қойып отырмыз.»

Көненің көзіндей тарихи ескерткіштерді сақтау, қорғау облыстық мәдениет басқармасының міндеті болғанымен, оларға жергілікті билік жауапты. Сондықтан болар, Шымкенттегі жиырмадан аса жәдігерді күтіп ұстау үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді.

Жандос Оспанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы: «Ескерткіштерді күтіп ұстау үшін биыл 20 миллион теңге бөлінді. Бұрын бұл жұмыстарды «Жасыл қала» ЖШС атқарып келген. Ал биыл «Мрамор гранит» ЖШС атқаруда.»

Бүгінгі таңда бей-берекет тұрғызылған тарихи және мәдени ескерткіштер сұрыптан өтіп жатыр. Талапқа сай келетіндері мемлекеттік дәрежеде қорғалатын болады.