Шетелдік көлікті рәсімдеудің қыр-сырына қаншалықты қанықсыз? Облыстық кедендік бақылау департаменті осы мәселе бойынша соңғы кездері көбейіп кеткен сауалдарға байланысты тілшілермен кездесті.
Шетелдік қонақтың біздің елде өз темір тұлпарымен жүруіне 1 жылға дейін ғана рұқсат беріледі. Мұнан бөлек өзге де айыппұлға тұтылмас үшін азамат келесідей шарттарды білуі ләзім.
Тимур Мырзахалықов, ОҚО кедендік бақылау департаментінің бөлім жетекшісі: «Көліктің алғашқы уақытша келу мерзімі — 3 ай. Мерзімді уақыт біткен соң темір тұлпар елден шығарылуы керек. Мұнан соң уақытша мерзімді ұзарту үшін кеден орындарына қайтадан арыз жазылады.»
Кеденшілердің сөзінше, мұндай жағдайлар, көбінесе, Қырғызстаннан тасымалданған көліктерді рәсімдеу кезінде жиі кездеседі. Көршілес Қырғыз елі Кедендік одаққа кірмегенмен, дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанның көліктерді экспорттау экономикасын біршама шығынға батырады. Өткен жылы осындай ережені бұзған қазақстандық 13 азаматқа айыппұл салынып, тағы төртеуіне әкімшілік жаза қолданылған.
Тимур Мырзахалықов, ОҚО кедендік бақылау департаментінің бөлім жетекшісі: «Айта өту керек, мұндай жолмен келген көліктер заңды бұзған болып саналады. Барлық автокөліктер кеденнің жіті бақылауынан өтіп, төлемдері төленуі қажет.»
Мұнан басқа Қырғызстанда тіркелген темір тұлпарды басқаруға берілген сенімхат Қазақстанға жарамайтынын кеден қызметкерлері ескертеді. Ал заңға бағынбасаңыз, әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүр боласыз.