Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты төрт түзеу мекемесі бар болса, соның бірінде әйелдер жатады. Шымкенттің қақ ортасында орналасқан ИЧ-167/4 мекемесі 370 адамға арналған. Бас бостандығынан айырылған нәзікжандылардың темір тордағы өмірі қалай өтіп жатқанын білмекке аталмыш мекемеге барып қайтқан едік.
Кезекшінің қабылдау бөлімінде жеке куәлігімді көрсетіп, қобдишалардың біріне ұялы телефон, ақша мен басқа да артық заттарды қалдырдым. Тінту-тексеру бөлмесінде сырттан келушілерді мұқият тексереді.
Айнұр Әділбекова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры:
– Бізде жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабы, яғни адам өлтіру қылмысы бойынша сотталғандар. Бұл бап бойынша 63 адам жазасын өтеуде. Сондай-ақ, ҚР ҚК-інің 259-бабы есірткі қолдану, саудалау, сақтау және жөнелту қылмысы бойынша 183 адам сотталған. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, алаяқтық бойынша бас бостандығынан айырылғандар бар.
Қазіргі уақытта ИЧ-167/4 колония-сында 271 сотталушы бар.
Қатаң режимдегі колония болғандықтан, сотталушылардың барлығы да екінші, не одан көп рет сотты болғандар. Белгіленген жазаны өтеу мерзімі 5 жылдан басталады. Сотталғандардың арасында Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның азаматтары да бар.
Мекемеде 131 қызметкер бар. Олардың 50-ге жуығы әйел қызметкерлер.
Колониядағы тіршілік таңғы сағат 6-да басталады. Абақты ғұмырдың күндері де баяу жылжитыны рас. Осы себепті де сотталушылар арасында түрлі спорттық ойындар өткізіліп, теледидар көріп, кітап пен басылымдарды оқуға жағдай жасалған.
«Адамды адам еткен – еңбек» демекші, жазасын өтеушілердің еңбекке тартылуы екі тарап үшін де тиімді. Еңбекке жарамды адамның қол қусырып отырмасы үшін колонияда бірқатар жұмыс орындары ашылған.
Солардың негізгісі – тігін цехы. Арнайы киімдер тігілетін цехта 70 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Әр жұмысшыға күніне 4 сағаттық жұмыс уақыты берілген. Олардың еңбекақылары тіккен киімдерінің санына қарай белгіленеді.
Хеди Апазова, 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген:
– Мен Ресей Федерация-сының азаматымын. Шешенстанда туғанмын. Бостандыққа шыққан соң, бұл менің түрмеге соңғы рет түсуім болады деп үміттенемін.
Отырғаныма 8 жыл болды. Жасаған қылмысым ауыр. Өкінемін. Сонымен қатар, туыстарымды, жақындарымды, бастысы перзенттерімді әуре-сарсаңға салып, олардың жандарын ауырттым. Осы үшін өкінемін.
Маған 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілген. Бұл қай әйелге болмасын ұзақ мерзім. Осы жылдың қазан айында сотқа шақырады. Құдай қолдап, әкімшілік, сот төрелігі сеп болса, соттан өтемін деп сенемін.
Өмірде әркім де сүрінеді. Алайда қатесін түсініп, соны түзеуге барлығы да бірдей ұмтылмайды. Жасаған ісіне өкініп, қайталамауға талпынса, бастысы осы. Бірінші кезекте туған-туыстарының жағдайын ойлағаны абзал.
Құдайға мың да бір шүкір, менің ата-анам, туған-туысқандарым, ер жеткен 3 ұлым бар. Бұйыртса, алтыншы немерем дүниеге келеді. Олардың барлығы да Кавказда. Бостандыққа шыққаннан кейін тіке сонда кетемін.
Одан бөлек, мекеменің шаруашылық жұмыстарымен шұғылданатын 28 адам бар. Шаруашылық жұмыстарына аула тазалау, құрылыс, шаштараз, монша, асхана және бу қазандығында орындалатын еңбек түрлері кіреді.
Бірсыдырғы тіршілікке өң беретін нәрсе – сотталушылардың сырттағы жақындарымен жүздесуі.
Осы ретте қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кездесу түрлері енгізілген. Ұзақ мерзімді кездесу үшін арнайы бөлмелер жасақталып, теледидар, ыдыс-аяқ, төсек-орын сынды қажетті жабдықтар қойылған. Мұндай кездесу түрінің ұзақтығы 3 тәулікке созылады. Бөлмені пайдалану ақысы тәулігіне 1 000 теңге.
Кездесу жиілігі сотталу-шылардың тәртіптеріне байланысты белгіленеді.
Дәл қазір 271 сот-талушының 71-і дағдылы жағдайда, ал 196 адам жеңілдетілген жағдайда ұсталады. Қатаң жағдайда қадағаланатын 4 адам бар. Бұл жағдайлардың бір-бірінен айырмашылығы сол, әрқайсысына шектеулер белгіленген. Шектеулердің дені кездесу жиілігін белгілеуде байқалады.
Колонияда қарт кісілер, атап айтсақ, зейнет жасындағы 16 сотталушы бар. Аяғын шалыс басқан олардың жасаған қылмыстары да әр алуан. Өзінің аты-жөнін айтқысы келмеген, фотоға түсуге келіспеген кейуананың жасы 65-те.
65 жастағы сотталушы:
– Мағанда ҚР ҚК-нің 259 бабы бойынша 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Мұнда отырғаныма 5 жыл 7 ай болды. Отбасым бар. Бала-шағам, туған-туысқандарым келіп тұрады. Екінші рет сотталғанмын. Мен өзім көбіне кітап оқимын. Намазға жығыламын. Имамдар келіп тұрады. Қазір арабша оқытып жатыр. Әр үш айда бір рет ұзақ мерзімді кездесу болады. Тағдырға салды. Осылай болды. Өкінемін. Алладан медет сұраймын. Мұндай болады деп ойламадым.
Құрсаудағы өмірдің күйзелісі көп. Нәзікжандылардың эмоциональды көңіл-күйге берілуі де тез. Ет жақын туыстарының теріс айналып, керексіз етіп тастап кетуі болмаса туған-туысқандарынан айрылу, абақтыдағы бір күн екіншісін қайталайды. Мұның барлығы жиналып келіп, сотталушының жан-дүниесін әрі-сәрі етеді. Сондықтан да, колонияда босаңсу бөлмесі белсенді жұмыс істейді. Мұнда психологиялық көмек көрсетіліп, бостандыққа шыққаннан кейін өмірде өз орнын табуы үшін ақыл-кеңес беріліп, сенімін қалыптастыруға қарекет жасалады.
Әйткенмен де, абақтыдағы күндер тым баяу жылжиды.
Жәнібек НҰРЫШ