Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Шымкентке жұмыс сапарымен келді

Еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Шымкент қаласына іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында ол еліміздегі жалғыз әйелдер колониясына барып, жұмысымен танысты. Түзеу мекемесінде жазасын өтеушілердің арыз-шағымын тыңдап, жеке қабылдау өткізді.

Артур Ластаев алдымен №78 түзеу мекемесінде болды. Әйелдер колониясының жұмысымен, жазасын өтеушілердің жағдайымен танысып, ондағы мүмкіндіктерді бағалап қайтты.

Басты мақсаттың бірі – түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерге қысым жасалмайтынына, орнатылған терминалдардың қолжетімділігіне және әйелдердің шағымдарын тиісті орындарға жеткізу мүмкіндігі бар екеніне көз жеткізу. Ал егер олқылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қолдану.

«Жазасын өтеушілердің жағдайымен таныстық. Арыз-шағымдарын тыңдадық, оларды міндетті түрде қараймыз. Жазасын өтеушілер жеке қабылдауға да жазылды. Жалпы шағымдардың басым бөлігі медициналық көмекке, ал сұрақтар жаза өтеу мерзімін қысқарту бойынша болды. Анық-қанығына жетіп, мәселелерді шешуге тырысамыз»,-деді Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Артур Ластаев.

Шағымдар да жоқ емес. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған әйелдердің біразы медициналық көмекке қатысты арызын айтты. Сөздерінше, дәрі-дәрмек уақытылы жеткізілмейді, шұғыл көмек көрсету жағы қиындау. Дегенмен биыл түзеу колониясында бесінші жыл жазасын өтеп жүрген Жасмина көмек қажет болғанда ешқандай қиындық болмағанын айтады. Ал өздерін дамыту әрі жаза уақытын қысқарту мақсатында түрлі жұмыс істеуге болады.

«Мүмкіндік ешқандай шектелмеген бұл жерде, туыстарымызбен аптасына бір рет хабарласамыз. 3-4 айда бір рет кездесуге мүмкіндік бар. Ол жағынан ешқандай шектеу орын алған жоқ. Мен қазір алаяқтық баппен келіп отырмын ғой мұнда. Жалақымыздың жартысын сонда өтейміз, соған мүмкіндік бар да. Уақыт өтеді бұл жерде бір жағынан»,-деді жазасын өтеуші Жасмина (есімі өзгертілді). 

Түзеу мекемесін аралап, жұмысымен танысып шыққан Артур Ластаев арыз-шағымы мен сауалдары бар жазасын өтеушілерге жеке қабылдау да өткізді. Мәселелерді зерттеп нақтылауға, расталғандарын шешуге тырысатынын жеткізді.

«Соқыр зона» деп айтады. Оны не үшін көрдік? Өйткені азаптау деп айтады ғой, колония қызметкерлерінің немесе өзара әйелдер арасында заңға қайшы келетін ондай қылықтар болмас үшін көрдік. Барлық жерде камера орнатылуы керек. Ертеңгі күні медицина арқылы сот сараптамасымен қандай да бір дене жарақатын анықтай алмайтын болса, сол камера арқылы анықтауға болады»,-деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысы Салтанат Тұрсынбекова.

Қазақстандағы жалғыз әйелдер колониясында бүгінде 195 адам жазасын өтеп жатыр. Оның шамамен 50 пайызға жуығы аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар. Мамандар олардың қылмыскер екеніне қарамастан, құқығы тапталмауы тиіс екенін айтады.

Айта кетейік, Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің жұмыс сапары Түркістан облысында жалғасады.