Қалдыбек Құрманәлінің шығармашылық кеші өтті

960
Кеш қонақтары сазгерге сый-сыяпат табыстады

«Шәй ішіп кетсең қайтеді?» Халық аузында айтылып жүрген осы әннің авторы Қалдыбек Құрманәлі шығармашылық кешін өткізді. Көпке Шәмшітанушы ретінде танылған сазгердің есеп беру кешіне зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктер мен жорналшылар арнайы шақырылыпты. Мәдени шарада қонақтар кеш кейіпкеріне шығармашылық табыс тілеп, сый-сыяпат табыстады. Ал өзінің шығармашылық жолын қонақтарға әңгімелеп берген кеш кейіпкері өнердегі жетістіктері мен қолын кеш сермеген сәттері туралы да айтып өтті.

Қ.Құрманәлі отбасымен бірге
Қ.Құрманәлі отбасымен бірге

Қалдыбек Құрманәлі, сазгер: «Кезінде жіберген қателігім бар. Ол — менің музыкалық білім алмағаным. Енді қазір музыкалық білім алуға кірісіп жатырмын. Негізі, бүгінге дейін әнді махаббат тақырыбында жазып келсем, алдағы күндері патриоттық тақырыптарға ән жазамын деп жоспарлап отырмын. Оның ішінде, «Туған жер», «Отан», анаға және әкеге деген құрмет сезімді білдірер шығармалар болады. Ұлтымыздыздың болашағы үшін, еліміздің ертеңі үшін жақсы туындылар жазып, өзіндік үлесімді қосқым келеді. Ал шоу-бағдарламаны «Шәй ішіп кетсең қайтеді?» деп атаған себебім, араға 30 жыл салып елге, яғни, Оңтүстікке оралып отырмын. Сондықтан, елге шәй беруді жөн көрдім. Осы өлкенің перзенті ретінде талайлардың отбасынан шәй іштім, енді өзім де шақырып, қонақ етіп жатқан жәйім бар.»

Кеш қонақтары сазгерге сый-сыяпат табыстады

Осы тақырыпта өрбіген кеште сазгердің шығармаларын эстрада әншілер шарықтай шырқады. Айта кетейік, бүгінде тыңдарманға 30-ға жуық ән сыйлап үлгерген Қалдыбек Құрманәлі облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары ретінде енді ғана кіріскен қызметімен де елдің дамуына үлесін қоспақ.