Ардагерлер сыйақысын ала алмай жүр

371

Жеңіс күнін дүркіретіп өткізгенімізбен, ардагерлерді жарылқай алмадық. Отан үшін от кешкен батырлар әлі күнге өздеріне тиесілі сыяқыға қол жеткізе алмай отыр. Түлкібастық ардагерлердің базынасы осыған саяды.

Отан үшін от кешкен отты жылдар ардагер Мұратәлі Тілепбергеновтің әлі күнге көз алдында. Алайда, жалындаған жас шағында келер ұрпақ үшін омырауын оққа тосқан қарияны жергілікті билік ұмыт қалдырғандай. Тоқсанның торқасына шыққан батыр, тіпті, әлі күнге дейін өзіне тиесілі мерекелік сыйақыны да алмапты.

Биылғы мереке қарсаңында әрбір ардагерге аудан есебінен 100 мың теңге сыйақы қарастырылған. Алайда қаражаттың уақтылы аударылмай отырғанына байланысты меркелік тарту ардагерлерлерге жетпей отыр. Қаржы бөлінген күнде де қаражат қариялардың қолына тұтастай түспейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=OFgB3R3kDD0[/youtube]

Ал жергілікті билік өкілдері Жеңіс күніне қаралған сыйақыны бөліп-жарсақ та толықтай төлеуге тырысамыз дейді. Айта кетейік, Түлкібас ауданына қарасты Жаскешу ауылдық округінде қазір көзі тірі небәрі екі ардагер қалыпты. Жергілікті атқамінерлер қос батырға лайықты құрмет көрсетуге жарамай, қариялар көңіліне қаяу түсіріп алған.