Облыстың өзге аудандарына қарағанда Шымкент қаласына желдің кесірінен мол шығын келген. Бұл туралы облыс әкімдігінде құрылған комиссияның төрағасы Сакен Қаныбеков баспасөз мәслихатында жариялады.
Сакен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Тоқтаусыз соққан желдің салдарынан облыста 13 нысанның, оның ішінде 8 білім беру, 1 денсаулық сақтау, 1 көпқабатты үй, 3 көпшілік мәдени нысан бүлінді. Бүгінге дейін 5 нысан қалпына келтірілді.»
Айта өтейік, шаһарда жүзден аса тал құлаған. 107 электр желісі істен шығып, бүгін барлығы қайта жөнделген. Тұрғындарға біртіндеп жарық берілуде. Табиғаттың тосын мінезі тудырған олқылықтардың орнын толтыру үшін облыста 600 адам мен 64 техника тәулік бойы қызмет етуде. Ал мектептерде, жел басылса, ертең сабақ қайта жалғасады.