Құйынның кесірі: Ордабасылық тұрғындар далада күнелтіп жатыр

475

Құйын болған Ордабасы ауданындағы Аққойлы ауылының тұрғындары далада түнеп жүр. 2-ші мамыр күнгі табиғат апатынан кейін үйлері бүлінген олар жағдайдың әлдеқайда қорқынышты болғанын айтады.

Ал, одан кейінгі көрініс елді тіпті есеңгіретіп жіберген. Бірінің қора-қопсысы жермен жексен болса, тағы бірінің баспанасы жарамсыз күйге түскен.

Аққойлы ауылында көтерілген құйыннан ең үлкен зардапты Жұмахан Медетовтың отбасы көрді. Баспанасының бір сәтте бүлінгеніне ол әлі де сене алар емес. Табиғат апаты болғанда үйінде болмапты. Әйтеуір баспанасының бұзылатынын білетін үй иесі, енді оны қай ақшасына соғатынын білмейді.

Қазір оның отбасы далада күнелтіп жүр. Жанұя әкімдіктің берген палаткасына көшкен. Енді бұл жердің оларға қанша уақыт пана болары да белгісіз. Себебі жаңбыр тоқтаусыз жауып жатыр.

Еске сала кетейік, Шұбар елді мекеніндегі Аққойлы ауылында дүлей дауыл тұрған еді. Салдарынан 17 үйдің шатыры ұшып, қора қопсы жарамсыз күйге түскен. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары басталды. Қайта қалпына келтіруді әкімдік еріктілерге тапсырған. Ал қаржыны демеушілер берген.

Алдымен үй төбесін жабамыз деген жауаптылар, кейін қора-қопсыны да жөндейтінін жеткізді. Алайда оның нақты қай күні аяқталатыны әлі белгісіз.

 Назерке Үкібасова