18-мамыр — халықаралық мұражай күні. Осыған байланысты облыстық тарихи-өлкентану мұражайы «Мұражай түні — 2014» акциясын ұйымдастырды.
Соңғы 5 жылдан бері өткізіліп келе жатқан осынау акцияда мұражай ұжымы балғындарға көбірек көңіл бөлуді ұйғарыпты. Шара барысында көне жәдігерлер мен ырым-тыйымдар жайлы мектеп оқушыларымен бірге танымдық ойындар өткізіліп, экспозияция залдарына саяхат жасалды.
Мұражайға келушілер «Оңтүстік Қазақстан облысының археологиялық мұрасы» атты көрмені де тамашалай алады. 88 мыңға жуық экспонаттық қоры бар жәдігерлер үйінде бұл көрме көрермендердің қатарын одан әрі көбейту үшін жұмыс істейтін болады.
Болашақтан үмітің болса, өткеніңді біл. Өткенімізді електен өткізіп, болашаққа бастайтын «Мұражай түні» акциясы бүгін сағат 24:00-ге дейін жұмыс істемек. Облыстық мұражайдың 9 филиалында ұйымдастырылып жатқан шарада бұрын-соңды ешкім көрмеген эксклюзив жәдігерлер де келушілер назарына паш етілмек. Олай болса, мұражайға бас сұғуға әлі де уақыт бар. Айтпақшы, кіру — тегін.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7yFKJ6Uij_Y[/youtube]