Шымкентте «Ерлік» мұражайы ашылды

Болашақта мұражай жанынан тағы да ғимарат салынады
Болашақта мұражай жанынан тағы да ғимарат салынады
Болашақта мұражай жанынан тағы да ғимарат салынады

Бүгін «Жеңіс» саябағында республикамызда тұңғыш рет қолға алынған «Ерлік» мұражайы ашылды. Мұражай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, ауған соғысының жауынгерлеріне, жалпы ерлік атаулыға тағзым ету мақсатында ашылған.

Айта кету керек, бұл филиалдың ерекшелігі сол – мұндағы бұйымдар мен заттар облыстық мұражайдағы жәдігерлерді қайталамайды.

Үш экспозиция залы мен галереядан тұратын мұражайға негізінен майдангерлердің құжаттары қойылған. Бұл – ертеңгі тарих үшін нағыз құнды дерек дейді мамандар. Орден, төсбелгілер мен отты жылдардан жеткен фотосуреттер, жауынгерлер жазған хаттардың түпнұсқалары һәм тұтынған заттары – мұражайдың жалпы жұртқа паш етері әзірге осы.

Айтжан Бекназаров, ҰОС ардагері: «Біздің облыстан ғана соғыстан 94 мың адам келмеді. Оның аты-жөндерінің бәрі белгісіз ғой. Барлығының аты-жөнін келтіру мүмкін емес. Бірақ Абай паркіндегі мемориалда жазулы тұрғой аттары ғана. Ал музейде сол ерлік көсемдерінің үлкен аттары, қалай ерлік көрсеткендері, ерлікке қалай жеткендері көрсетілуі керек».

Бас-аяғы бір айдың ішінде ашылған мұражайды қажетті құндылықтармен толықтыруға Шәуілдір, Арыс, Ордабасы, Қазығұрт Төлеби аудандық мұражайлары атсалысқан. Соның нәтижесінде шағын мұражайдағы жәдігерлер саны 2 мыңға жетті.

Рысгүл Бекталиева, облыстық тарихи өлкетану мұражайының бас қор сақтаушысы: «Ауқымды мұражай үшін 2 мың жәдігер аз емес. Келешекте облыс әкімі қосымша жапсарлас ғимарат салғызбақшы. Қазір оның жобасы жасалып жатыр. Сондықтан үлкен ғимаратқа бізге қосымша материалдар қажет».

Мұражайдың галерея бөлімінде майдангерлер мен қазіргі заманның суретшілері салған туындылар ілінген. Енді облыстық өлкетану мұражайынан артылған жәдігерлер «Ерлік» мұражайына қойылып, келушілер назарына ұсынылмақ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6G9sfT4rNpg[/youtube]