Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматарға арналған арнайы кітапханада «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Бес кезеңнен тұратын додаға аудандардан 5 азамат қатысып, өзара бақ сынасты. Мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан өнерден қол үзбеген сұлтандар көзбен көрмегенді жүрекпен сезінуге болатынын дәлелдеп бақты.
Байқауға қатысушылардың бірі домбыраны серік етсе, бірі өз тартуын қара сөзбен жеткізуге тырысты. Көпшіліктің алдына шығып өнерлерін паш еткен мүмкіндігі шектеулі азаматтар толқығаны байқалды. Алайда, «Өнерлерінің өрісі кең» атты кезеңінде дайындықтарын көрсетіп, жиналғандардың көңілін көтеріп тастады.
Нұржан Төребаев, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін. Барлығымыз жеңіске жете берейік. Ең бастысы — ынтымағымыз жарасып, осындай шараларға қатысу жазсын.»
Домбыра мен гитараны еркін шерткен Нұржан Төребаев қолөнерге де жақын екендігін көрсете білді. Біраз бұйымдарды қатысушылар үйлерінде жасап келген. Үстел мен орындықты жасауға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға туыстары көмектесіпті. Ал ағаш пен қаңылтырдан жасалған ысқырық жиналғандарға балалық шақтарын еске түсірді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_9O-FKMogA0[/youtube]
Сәбит Болатұлы, әділқазылар алқасының мүшесі: «Байқаудың ерекшелігі — мұнда қатысып жатқандардың барлығы І топтағы көзі мүлдем көрмейтін адамдар. Іс-шара өтіп жатқан жер тек кітапхана емес, зағип жандардың мәдени-рухани орталығы.»
«Білімді мыңды жығар» кезеңі жігіттерге ауыр тиді. Мұнда олар егеменді елдің тарихы және халық арасында тараған мақал мәтелдерді білуі шарт еді. Өзінің осал тұстарын байқаған төлебилік Нұрлан Оралбек келесі жолы есемді жібермеймін дейді.
Нұрлан Оралбек, Төлеби ауданының тұрғыны: «Тарихты, мақал-мәтелдерді жақсы білмейді екенмін. Енді осы тұстарды жетілдіруге тырысамын. Қатысып жатқан ағаларымнан үйренетінім көп. Олардың сабырлығы, өмірге деген құштарлығы менде де болса екен деймін.»
Сайыс болғандықтан, жігіттер қол күресінен де күштерін сынады. Сөйтіп, байқаудың жалпы қорытындсы бойынша отырарлық Абдулла Әліпбеков «Жігіт сұлтаны» атанды. Екінші орынды Төле би ауданының тұрғыны Жомарт Барлыбаев иеленсе, үшінші сатыдан Ержан Базарқұлов көрінді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыс етілді. Ұйымдастырушылар мұндай байқауларды жиі өткізуге болады, тек көп жағдайларда қаржының тапшылығы қол байлайды деп отыр.