Қала әкімі қарттар мен мүгедек жандарды құттықтады

451
Шымкентте 61 573 зейнеткер бар

Қаламыздағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар құрметке бөленіп жатыр. Бүгін шаһар басшысы Дархан Сатыбалды мереке иелерін арнайы құттықтады. Қаламыздағы мейрамханлардың бірінде мерекелік дастархан жайып, сый-сыяпатын табыстады. Ал қазыналы қарттар тәуелсіздіктің таңының қадірін айтып, болашақ жастарға үлкен сенім білдіретінін жеткізді.

Шымкентте 61 573 зейнеткер бар
Шымкентте 61 573 зейнеткер бар 

Мүмкіндігі шектеулі жандар өздері үшін мемлекет тарапынан қолға алынған қолжетімді бағдарламалардың жемісін атап, өз жетістіктерін айтып марқайды. Қала әкімі Дархан Амангелдіұлының айтуынша, бүгінде Шымкентте мүгедек жандардың белсенді өмір сүруі үшін бар жағдай жасалып отыр.

Дархан Сатыбалды
Дархан Сатыбалды

Дархан Сатыбалды, Шымкент қаласының әкімі: «Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам назарынан тыс қалмауы үшін түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып бағудамыз. Мысалы, жуырда ғана жәрмеңке өткіздік. Бұл жоба арқылы 400 мүгедек жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек олардың оқуы мен кәсіпті бастап, әлеуметтік жағдайын жақсартуы үшін де тегін оқу-жаттығуларды бастап кеттік. Және әрдайым әлеуметтік пакеттерін де табыстап отырамыз, бүгін де ас-ауқат әзірленген сөмке-сыйды дайындадық.»

Мерекелік шарада ән айтылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Айта өтейік, бүгінде Шымкент қаласында 61 573 зейнеткер бар. Оның ішінде 71-і – ҰОС-ның мүгедегі. Бұдан бөлек қаламызда 24 894 адам мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына тіркелген.

 

 

Әйгерім Бибатырова: «Бірінші топтың мүгедегі атанғаныммен, мен өзімді мүмкіндігі шектеулі деп ойламаймын. Барлық балалармен бірге мектепке бірге барып, бірге келіп, одан кейін университетке түсіп, оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдадым. Бірінші мамандығым – агроинженерия, екінші мамандығым – информатика пәнінің мұғалімі. 2009 жылдан бері волонтер ретінде жұмыс жасаймын.»