Ата салтын ұмытпағандар

678

Бүгінде салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Тек осы бағытта ғана емес, жыл сайын ұйымдастырылатын байқауларда да ескіден қолданыста болып, енді ұмытылуға айналған ұлттық салт-дәстүрлер насихатталып жатыр. Мәселен жақында ғана жылына бір рет ұйымдастырылатын облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы бұл жолы басқаша өтті. Олай дейтініміз, қатысушылар ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, сынға түсті.

«Байқауды басқаша өтті» деп айтуымыздағы басты себеп, жігіттер әдеттегідей сахнада бір шумақ өлең оқып немесе ән айтып, күй тартумен шектелмеді. Даладан қалаға асық жастар алдымен салт-дәстүрден қаншалықты хабардар екендерін көрсетті. Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының алаңына жиналған жігіттер ашық аспан астында сайысты.

Байқауға өңіріміздің 15 аудан-қалаларындағы іріктеу сынағынан оқ бойы оза шауып, көзге түскен сайдың тасындай 15 жігіт келген. Қатысушылардың әрқайсысына қазылар алқасының мүшелері жеке-жеке тапсырма дайындапты. Тапсырмалардың барлығы дерлік, кезінде қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданыста болып, келе-келе ұмытыла бастаған әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге құрылды. Өйткені ол жерде атқарылған тірліктерді бүгінде ауылды жердің бәрінен емес бірен сараңынан ғана кездестіруге болады.

Қатысушы жігіттердің бірі кезінде шопандар мал жайғанда киген аяқ киімін тікті. Оны арнайы иленіп дайындалған серкенің терісінен сол жерде жасады.

Шебер жігіт сыз өткізбес үшін ұлтарағына өгіздің терісін қолдануға болатынан айта отырып, етік тігу барысында қауіпсіздік шараларын сақтау үшін бізді қалай қолдану керектігін де көрсетіп отырды. Сондай-ақ аяқ киімді тігістің шалма әдісін қолдана отырып тігіп шықты. Сері жігіттің айтуынша серкенің терісінен дайындалған аяқ киім жауын-шашын мен аязға мықты төтеп береді екен. Сол себепті де кезіндегі малшыларымыз мал қарауға арналған аяқ киімді осылайша жасап алатын болған.


Байқау барысында киелі өңір Түркістан қаласының намысын қорғауға Арыпжан Файзоллаев есімді жігіт келген. Бұл Арыпжан қатысқан бірінші байқау емес. Бала күнінен өнерге жаны құштар жігіт көптеген сайыстарға қатысып, бәрінен де жүлдемен оралған.

Байқауымызша, салт-дәстүрден де алшақ емес. Оны қазылар алқасының сұрақтарына мүдірмей жауап бергенінен анық байқауға болады. Арыпжанның айтуынша, ол 7 жасынан бастап аттың құлағында ойнайды екен. Облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы барысында қазылар алқасы Арыпжанға аттың жалын күзеу жайлы тапсырма беріп, сынады. Алайда бұл сынақ оған қиынға соқпады.

Байталдың төбесінде бір уыс жалын тастап, қалғанын тегістеп, сәндеп-күзеп шықты. Аттың көркін ашатын жалы болған себепті сәндеп алдым деп түсіндірді ол бұл әрекетін. Ал, байталдың құйрығына екі кетік қалдырып, оның мағынасын «жол ашар» деп түсіндірді. Ал, қалған қылдарын тек шыбын ұрғыш қана қалдырып, алып тастады. Бүгінде аттың жалын күземек түгіл оған қалай мінуді білмейтін жастар үшін бұл бір ерекше тапсырма болды. Осы тұста Арыпжан жылқыдан алынған қылдар мен қылшықтарды қыл арқанға қолданатынын айтып өтті. Осылайша Түркістандық сері көптің көңілінен шыға білді.

Байқау барысында қатысушылардың бірі ер тоқымның қыр-сырымен таныстырып, сол жерде атты қалай ерттеу керектігін айтты, Ал енді бірі шалғы орақты қандай шаруға қолданатынын айта келе, көрермендер алдында шалғыны құрастырып, қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Тіпті қамшы өріп таң қадырғандары да бар. Қой сойып, ет жіліктеуді де көрсеткендер болды. Байқауға қатысушыларға қазылар алқасы бірдей қатаң қарады.

Азаматтар осылайша бар мүмкіндіктерін көрсетті. Тапсырманы тиянақты орындап, өздерін жігіт сұлтаны деген атқа лайықты екендерін дәлелдеу үшін тырысып бақты. Ал біз берілген тапсырмаларды мүлткісіз орындап, салт-дәстүрді қайта жаңғыртқан жігіттерге бәрекелді дейміз!

Жанерке Хумар