Кеңес Одағының батыры, Қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлованың туғанына — биыл 90 жыл. Өрімдей қыз өліммен бетпе бет келіп, небәрі 20 жасында майдан алаңында қаза тапты. Жауынгер қызды бүгінде көпшілік еске алып, ерлігіне құрмет көрсетіп жүр.
Батыр қыз Әлия Ақтөбе облысында туған. 9 жасында анасынан айрылған ол нағашысы Әбубәкір Молдағұловтың отбасында тәрбиеленді. 1943 жылдың тамыз айынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер, майдан алаңында құралайды көзге атқан мергендігімен танылды.
100-бригаданың жасағында Әлия Молдағұловамен қарулас болған Тұрғанбек Сәбитов жауынгер мерген қыздың ерлігі жайындағы естеліктерді бүгінгі жас толқынға әңгімелеп отыр. Қарияның айтуынша, 17 жасар ару майданға өзі еркімен сұранып келген.
Тұрғанбек Сәбитов, ҰОС ардагері:»Ол қыз өзі тәртіпті, сондай әдепті, жайдары қыз еді. Сөзі де маңызды, өзінің жүріс-тұрысы да маңызды. Майданда қыз баласы болған соң, командирлердің қасында жүрді. Иығынан автоматын тастамаушы еді. Бәріміз оған таң қалушы едік. Себебі, нәзік жанды қыз болса да, соғыс алаңында бізбен бірдей оқ атып, бізбен бірдей шайқасатын. «Алға, алға!» деп ұрандап, бізге жігер сыйлайтыны әлі есімде. Оның қайратты жауынгер болғанын мақтана айтамын.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=XhuTBb3QkL8[/youtube]
Облыстық Пушкин атындағы кітапхананың оқырмандары ержүрек Әлияның ерлігін жыр шумақтарына арқау етті. Бұл олардың риясыз құрметін көрсетсе керек. Шарада мектеп оқушылары Әлияның майданға аттанған сәтін сахналады. Ал басты рөлді батыр қыздың аттасы сомдап шықты.
Әлия Сәдуәлі, №74 мектептің оқушысы: «Мен қазір толқып тұрмын, себебі, батыр Әлия апамның рөлін ойнадым. Әрине, қиын болды. Өзім майданға аттанғалы жатқандай, үлкен әсер алдым. Кейіпкерімнің жан қиналысын сезіндім. Мен болашақта дәрігер мамандығын меңгеремін, адамдарды емдеп жазамын және өз еліме осылайша үлесімді қосамын.»
Оқырмандар еске алу кешінде ерлігі ерге бергісіз қыздың өмірінен сыр шертер деректермен танысты. Айта кетейік, 1944 жылдың жазында Новосокольники теміржол стансасы маңында болған ұрыста Әлия Молдағұлова жауынгерлерді шешуші шайқасқа бастап, қаһармандықпен қаза тапты. Сол жылы 4-маусымда Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.