Шымкентте теріс діни ағымдар мен түрлі секталардың белең алуына тойтарыс беру үшін облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ -драма театры «Ойран» қойылымды сахналады. Драматург Баянғали Әлімжановтың тырнақалды туындысынының премьералық-қойылымын біз де тамашалап қайттық.
Ата-ананың тәрбиедегі салғырттығы. Қоғамның әлсіз тұстары. Мұның барлығы да жасөсіпірімнің кері ағымның жетегіне еруіне жол берді. Адастырды да. Психологиялық драманың көрермендері өмірден алынған оқиғаның ақиқатын бүкпесіз көріп отыр. Ал премьералық «Ойран» қойылымының басты рөлі — Олжас Мұсабеков үшін дебьют.
Олжас Мұсабеков, театр әртісі: «Қатты қобалжыдым. Қазір де үлкен толғаныс үстінде жүрмін. Негізі, әрбір рөлді шебер сомдау әр әртістің міндеті деп білемін. Ең бастысы, мен осы Арманның болмысы арқылы көрерменге секталардан келетін залалдың қандай болатынын ұқтырдым деп ойлаймын.»
Қойылымның оқиға желісінде Арман атты жеткіншектің өмір жолындағы адасуы баяндалады. Анасы Шекер перзентін құтқаруға қанша талпынғанымен, бауыр еті баласына мейірімділік танытып, бөгет бола алмады. Соңында сол ағымның жетегіне амалсыз өзі де ерді. Қоғамның мәселесін қаузаған осы драманың қоюшы-режиссері Иманәлі Сапаров ойды көпке нық жеткізу үшін туындыға өзгерістер енгізгенін жасырған жоқ.
Иманәлі Сапаров, қоюшы-режиссер: «Өзгеріс болды. Артық кеткен тұстарды қысқартып тастадым. Мәселен, сектадағы жағдайды автор түсіндірген кезде жалаңаш адамдардың ләззатқа бөленуін жазған. Енді мен оны сахнада солай көрсетпеймін ғой, тек астыртын сөздермен жеткіздім. Себебі сахна — киелі, оған біз қиянат жасай алмаймыз.»
Адамның санасын улайтын ағымдар жайы ашық көрініс тапқан қойылымды тамашалауға келгендер арасында жастардың қарасы қалың.
Сәбира Байзақова, көрермен: «Қойылымнан ата-ана мен баланың қарым-қатынасының алшақтығын байқадым. Менің ойымша, қазіргі қоғамда көптеген адамдар жұмысбастылыққа ден қойып, бала тәрбиесін кейінге ысырып қояды. Сондықтан мұндай шығармалар кеңінен сахналана берсе, бәлкім көптің бала тәліміне деген көзқарасы өзгеретін шығар.»
Сектаның сыйқыры оқиға соңында отағасы Елтайды асыл жары мен перзентінен тірідей айырды. Отбасы ойран болды. Айта кетейік, кері діни ағым тақырыбын қамтыған қойылым ел аумағында алғаш рет Ж.Шанин атындағы театрда сахналанып отыр. Ал театр ұжымы «Ойран» қойылымын жыл бойы көрермен назарына ұсынады.