Әл-Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы «Қырғы базарға» барып, бір күндік акция өткізді. Онда арнайы зертханашылар сатып алынған азық-түліктерге сынама жасап, құрамын тексерді. Назар салыңыз, Сіз азық етіп жүрген өнімдерде артық мөлшерде қосылған химиялық қоспалар бар болып шықты. Қай өнімді алуға болмайды? kz.otyrar.kz тілшісі сұрап білді.
Таза тағам тұтыныңыз. Осындай бастамамен азық-түлікті тексерген мамандар «Қырғы базарға» да бас сұқты. Өнімнің құрамын анықтау ТЕГІН жүргізілді.
Рая Ақайдарова, қала тұрғыны: «Мен сатып алған болгар бұрышының сапасын тексеріп, жақсы деп айтты. Енді оны үйге барып, балаларыма қорықпастан бере-берем деп ойлаймын. Ал қарбызды саудалауға әзірге асықпадым. Өйткені, құрамынан қорықтым».
Қала тұрғынының қарбызды сатып алуға қорқатындайы бар. Өйткені, бақша өнімдерінде, оның ішінде қауын, қарбыз бен өрікте және шиеде нитрат мөлшері 3 есе артық болып шықты. Қышқылы көп сүт өнімдері де сатылымда бар екен.
Клара Рүстемова, Әл-Фараби аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Сағат он жарымнан бастап, осы уақытқа дейін жеміс-жидектердің нитрат деңгейін анықтауға 181 үлгісі зерттеліп, оның 5-уі оң берді. Ол жеміс-жидектер — қауын-қарбыз, шие, өрік. Сонымен қатар, сүт өнімдері. Таңертеңнен бері, 18 сүт өнімі қышқылдығы бойынша тексеріліп, оның біреуінен оң нәтиже шықты».
Тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы мұндай шараны айына екі рет өткіземіз дейді. Ал шара аяқталған уақытта сатып алған азық-түлігіңізді Төреқұлов аялдамасында орналасқан «СанЭпидСараптама» орталығына барып, тексертіп алсаңыз болады.