Облыстағы бірқатар мәдениет ошақтарына көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынбақшы. Соның бірі «Қазақстан» кинотеатры. Жекенің қолында кетіп, бір банкте кепілдікте тұрған бұрынғы кинотеатрды мемлекет меншігіне алу үшін облыстық бюджеттен 300 миллион теңге бөлінбек. Айта кетейік, меншігіндегі ғимаратты банк тым қымбатқа бағалаған-ды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды екі жақты келісім жүргізе отырып, жергілікті билік меншігіне алу үшін бағасын арзандатқан сыңайлы. Ендігі жерде «Қазақстан» кинотеатрына бұған дейін С.Сейфуллин атындағы халықтар Достығы үйінде отырған облыстағы 20-шақты ұлттық мәдени орталықтар көшіп бармақ. Осылайша бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры ішкі саясат басқармасының меншігіне берілмек.
Ал Достық үйіне облыстық әзіл-сықақ және сатира театры көшіп барады. Осылайша сатира театрының (бұрынғы «Шымкент» кинотеатры) қазіргі ғимаратына облыстық қуыршақ театры жайғасады деп күтілуде.
Шымкеттегі театрлар осылай бір-бірінің орнына ауысып, көшкелі жатыр. Дегенмен, елді өнердің қарашаңырағы Ж.Шанин атындағы облыстық театрдың ғимаратында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары алаңдатып отырғаны рас. Қас беті әрленіп біткен театрдың енді ішкі жұмыстары басталмақ. Ғимараттың ішін жөндеу мен безендіру үшін бюджеттен 300 миллион теңге бөлінеді екен.
Мұндай қамқорлықтан «Оңтүстік цирк» ұжымы да сырт қалмақ емес. Облыстық мәслихаттың 27 сессиясында айтылғандай, цирк ғимаратының іргесінен әртістерге арналған 75 орынды қонақ үй салынады.