Оңтүстіктегі мүгедектердің көбі «қағаз жүзінде» жұмыс істейді

Мүгедектерді жұмысқа орналастыруда жоспар 50 пайызға да жетпейді. Мұндай мәлімет мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудың 6 айлық қорытындысында айтылды. Жиында белгілі болғаны сол -жарымжан жандарды жұмысқа тартатын жәрмеңкелер өтірік өтеді екен. Қай ауданның атқамінерлері жоғарыға жалған ақпар беріп жүр?

kz.otyrar.kz сайтының тілшісі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сілтеме жасап, төмендегі жәйттерді анықтады.

мүгедектерді жұмыспен қамту

Мақсат Сәрсембаев – І топтағы мүгедек. Жас жігіттің жұмыс іздеп жүргеніне көп болды. Оның, тіпті, жарымжан жандарға арналып ұйымдастырылатын жәрмеңкеден де көңілі қалған. Өйткені бұл шараға 3 рет қатысып, тауы шағылған бозбала енді жәрмеңкеден қайран жоқ деген ой түйіпті.

Мақсат Сәрсембаев, І топтағы мүгедек: «Орысша айтқанда «формальность» дейді ғой. Жәрмеңкелер өтіп жатыр. Қабылдап жатырмыз деп айтады. Менің ойымша ол әншейін қағаз жүзінде өтіп жатыр. Осы қалалық жәрмеңкеге көп адамды алып келдім мен. Бір күн өтті. Азаннан кешке дейін жүрдік біз. Бізді көреді. Дереу сылтау табады. Мынанша мүгедекке жұмыс беріп жатырмыз деген есеп жүріп жатыр. Енді мен ол жерде жоқпын ғой? Менің таныстарымды алған жоқ жұмысқа.»

Бозбаланың сөзінің жаны бар. Себебі оның бұл пікірін облыстық басқарма да қуаттап отыр. Жарымжандарға жұмыс тауып беруде жоспардан едәуір қалып барады екенбіз. Мәселен, өткен жарты жылдықта 2,5 мыңдай мүгедекті жұмысқа орналастыру керек болса, соның қазір жартысы ғана жұмыс тапқан. Бұл – тек қағаздағы есеп.

Әсия Темірбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Бәйдібек ауданында жәрмеңке өткіздік деп ақпар береді, бірақ соған небары 2 жұмыс беруші ғана қатысады. Оған ұсынылып отқан жұмыс орындары бар болғаны – төртеу. Қалай жәрмеңке деп атауға болады осыны? Тура сондай жағдай Мақтаралда қайталанды. Онда жәрмеңкеге 7 жұмыс беруші қатысса, Отырарда – 6, Арыста – 7, Түркістанда 9 кәсіпкер жәрмеңкеге қатысқан. Ақпараттың болмауынан жұмыспен қамтылған мүгедектердің саны өте төмен. Сайрам ауданында сол жәрмеңкенің нәтижесі бар болғаны – 2 адам, Төлебиде – 3 адам, Шардарада – 3 адам, Арыс қаласында 2 адам ғана тұрақты жұмыспен қамтылды.»

Мүгедектерді оңалту бағдарламасы да оңып тұрған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоларбамен, гигиеналық заттармен қамтамасыз етуде де аудан-қалалар көш соңында келеді. Атап айтсақ, ордабасылықтар қоларбаға мүлдем қаржы қарамаған. Ал түркістандықтар гигиеналық заттарды әлі күнге таратпапты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6FNOSp91xBk[/youtube]

Мадина Есімова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: «Гигиеналық заттарға байланысты айтатын болсақ, Отырар, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас, Шардара аудандары мен Кентау қаласында мемлекеттік сатып алу конкурсы ақпан айында жоспарланса, тек сәуір-мамыр айларында өткізіліп, келісім-шарт жасалған. Тиісінше керек-жарақтар мамыр-маусым айларында таратылды. Бұл мүгедектер тарапынан министрліктің, облыс әкімдігінің ресми сайтына арыз-шағымдардың көптеп түсуіне әкеп соқтырды.»

Ал аты аталған аудан-қалалардың жауабы «9 айдың қорытындысында бар кем-кетісті түзеймізден» артылмады. 6 айлық есепте де жұмыспен қамтудың жалпы бағдарламасы бойынша дәл осындай сылтау айтылған. Хош. 9 айлық қорытындыны да тосайық. Дегенмен, облыс бойынша 106 мың мүгедек болса, соның 76 мыңы жұмыс істеймін деп құлшынып отырғанын Сіз де біле жүріңіз.