Соғыс ардагері екенін дәлелдей алмай жүрген қария 95-ке толды

248

Ардагер алғаш рет құрметке бөленді. Бүгінге дейін өзінің Ұлы Отан соғысының ардагері екенін дәлелдей алмай жүрген Прасковья Дрыгайлова 95 жасқа толды. Ұзақ жылдар теміржол қызметіндегі әскери жасақтың сарбазы болған кейуананы Әл Фараби аудандық ардагерлер кеңесі мен аудан әкімдігі меретойымен арнайы құттықтады. Айта кетейік, ғасырды алқымдаған ардагер әзірге тыл ардагері саналады.

Прасковья Дрыгайлова
Прасковья Дрыгайлова

Ардагер Прасковья Дрыгайлова үшін бұл күтпеген тосын сый. Себебі кейуананы бүгінге дейін осылай құттықтамақ түгілі, ешкім іздеп келмеген. Қария өзінің еткен еңбегінің кеш те болса еленгеніне разы.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7__mi9gyRyw[/youtube]

Прасковья Дрыгайлова, тыл ардагері: «Өзімді алғаш рет ардагер ретінде сезіндім, бақыттымын. Бірақ, өкініштісі сол, мені әлі күнге ҰОС ардагері ретінде танымайды. Негізі мен соғыс кезінде теміржол қызметіндегі әскери жасақтың жауынгері болдым. Кәдімгідей қару асынып, қызмет еттім. Соғыс кезінде 2 баламнан айрылдым, жолдасым да жауынгер болды. Бізде еңбек кітапшасы деген болған жоқ, біз тек сарбаз болып жүрдік.»

Прасковья әжейдің туған күні
Прасковья әжейдің туған күніне келген қонақтар
Әжейдің әскери қызметінің дәлелі
Әжей осы құжатын көздің қарашығындай сақтайды

Сұрапыл соғыс жылдары әскери қызметте болған қария Астанаға да хат жазған. Оның сөзін дәлелдейтін құжат да келген екен. Бірақ әлі күнге Прасковья әжей ҰОС ардагері ретінде танылған жоқ. Оның жанына бататыны да осы. Ал Әл Фараби аудандық әкімдігінің мамандары әжейді тіпті тыл ардагері ретінде бүгінге дейін құттықтап та келмеген. Мамандар мұның себебін былай деп түсіндіреді.

Естебек Шардарбеков, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Бізде енді өзімізде қаражат болмағаннан кейін көбінесе демеушілердің көмегіне жүгінеміз. Демеушілер қандай сый-сыяпат жасаса, бірлесіп келіп, құттықтап кетуге тырысамыз.»

Прасковья Дрыгайлова
Қария шөберелерімен бірге

Ғасырды алқымдаған ардагердің бүгінгі арманы – жалғыз. Өзінің ұл-қыздары әжесінің соғыс ардагері екенін біліп, соны мақтан тұтса дейді. Айта кетейік, бүгінде ардагер 1 қызынан 1 немере және 4 шөбере сүйіп отыр.