Жаназаны қалай атқарып жүрміз?

«Жан бар жерде қаза бар» дейтін қазақ: «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» дегенді қоса айтады. Бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылған жақынымыздың жаназасын атқаруда пендешілік әрекеттердің қылаң беріп қалатыны бар. Ырым-тыйымдар мен діннің шектеулері арасындағы тепе-теңдікті сақтап келген халық бүгінде діннің қалауларына көбірек иек арта бастады. Осы ретте жаназа мәселесі де бірізділікке түсіруді қажет етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бұл мақсатта бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Сонымен, салт-дәстүрі мен діні қабысып кеткен қазақ қоғамында бақилық болған жанды жерлеу рәсімі қалай орындалып жүр? Діни басқарма нендей шектеулер қойды? Осы және тағы да басқа сұрақтарға ҚМДМ-ның ОҚО бойынша өкіл имамның орынбасары Мұхамеджан Естеміров жауап берді.

32-013

– Өлім хақ. Одан ешкім қашып құтылған емес. Өлім келіп жеткен тұста, атқарылатын біраз амалдар бар. Біріншісі, қайтыс болған адамның бүкіл киімін шешіп, аяқтың бас бармағы байланады. Сосын, жүзін құбылаға қаратып, ақ матамен жауып қояды. Адам жаны шыққан кезде нәжістері қоса шығып, аузынан көбік атуы, құлағы мен мұрнынан қан кетуі мүмкін. Сол себепті де шүберекті суға малып, бүкіл денесін сүртіп, тазалап шығады. Жағының астынан жоғары қарай байлап қояды. Мұның барлығы да бөлек бөлмеде орындалады. Қазақта бұл әрекеттерді «мейрамсу» деп атайды.

Осыдан кейін өлімді естіртіп, жаназа уақыты жұртшылыққа хабарланады. Жаназада тірілердің істейтін төрт амалы бар. Біріншісі — кебін. 25 метрлік матаны пішіп, арулап көмуге дайындайды. Екіншісі — жаназасын оқу. Жуу мәселесіне келетін болсақ, мұнда ет жақындары жууға кіргізіледі. Жуған кезде ескерілетін басты жайт: кіргізілетін адамдар сырға берік болуы шарт. Көргенін сыртқа айтпайтын, құпияны сақтай білетін кісілерді кіргізеді.

Жууға кіргізілетін адамдар сырға берік болуы шарт. Көргенін сыртқа айтпайтын, құпияны сақтай білетін кісілерді кіргізеді. 

Біздің қазақта құдалары, ет жақын бауырлары жуындырады. Жуындыруға төрт кісі кіреді. Осы жуындыру кезінде байқалатын бір кемшілік, кей кісілер жуындыратын судың температурасын байқау үшін, ыдыстағы суға саусағын батырып, біліп жатады. Бұл дұрыс емес. Судың жылылығын байқау үшін қол тығуға әсте болмайды. Ыдыстың сыртынан ұстап, не суды бір кішігірім ыдысқа құйып алып, температурасын білуге болады. Жаназа кезінде ескеріле бермейтін дүниелердің бірі осы.

Туған-туыстары жуындырғаннан кейін, ақ кебінге орамастан бұрын, бақилық болған жанның жүзін көруіне рұқсат етіледі.

Тиын шашу, жыртыс тарату деген әрекеттер орындалып жатады. Бұл дұрыс емес. Ысырапшылдық. Қазір жыртыс беруге де тыйым салынды. Негізі, жыртыс не үшін берілетін еді? Өлген жан көзінің тірісінде біреуден мата, не қандай да бір зат алған шығар, соның өтемі болсын деп беріледі. Бұл әрекет қазір тоқтатылды. Шапан тарату да шектелді. Облыстағы Ардагерлер кеңесімен меморандумға қол қойылған. Сол бойынша жыртыс беру ісіне тыйым салынды. Алайда, кейбір елдімекендерде жыртыс таратып жатады. Бірте-бірте бұл да тоқтайды. Кезінде тиын шашу деген болатын. Мәйіттің үстіне ақша тастайтын. Бұл әрекеттер бүгінде мүлдем тоқтатылған.

32-011

Жаназа намазын оқу үшін барлығы да дәретте болуы керек. Кейде дәрет алу мүмкін болмай қалады. Бірақ, мәйіт иесі, яғни жаназаны атқарушы кісі міндетті түрде дәретте болуы, негізі, жаназаға қатысатын барша жамағат дәретімен сапқа тұруы қажет.

Сол үшін де үйден шығар алдында дәрет алған жөн. Тағы бір айта кетер дүние, жаназаға барған ер азаматтың барлығы да жаназа намазына қатысуға міндетті. Кейбір елдімекендерде жаназа намазына тек жақындары қатысып, қалғандары қолдарын қалтасына салып, шет тұратыны байқалады. Бұл дұрыс емес. Барлық мұсылман ер азамат қатысуға міндетті.

Қайтыс болған күні  тамақ бермеу мәселесі Ордабасы, Түркістан, Мақтарал, Сарыағаш, Қазығұрт ауданында жүзеге асырылуда. Осылайша бұл өңірлерде Діни басқарма тарапынан қолға алынған  бастама қолдау табуда.

Жаназа намазын имам оқиды. Алдымен, елдің алдына шығып, уағыз айтып, өлген кісінің қарыз-парызынан құтылдыру керек. Қарызы болатын болса, оны өтеуді қайтыс болған адамның ет жақыны мойнына алады. Жаназа намазы содан кейін барып, оқылады.

Жаназа намазы төрт тәкбірден тұрады. Бірінші тәкбірде «Сана» дұғасы оқылады. Одан кейін «Салауат» дұғалары оқылады. Үшінші тәкбірден кейін мәйітке арналған дұға оқылады. Төртінші тәкбірде екі жаққа сәлем беріледі. Сөйтіп, жаназа намазы аяқталады.

32-012

Мазар жақын болса мәйітті көтеріп апарады. Егер алыста болса, онда арнайы көлікпен жеткізеді. Мәйітті иыққа дейін көтеру – сүннет.

Қабір басына барған кезде де өзіндік ережелер сақталуы қажет. Орта Азия халықтарында әйел кісі жерлеу кезінде қабірге бармайды. Басқа уақытта баруына болады. Әйел адам жерлеу рәсіміне қатыспайды. Бұған себеп: кезінде әйел адамның қатысуымен өткен жерлеу кезінде түрлі жағдайлар болған. Әйел адам өзін-өзі ұстай алмай қалады. Әбес қылықтар жасағандықтан, Орта Азия ғалымдары әйел кісілердің жерлеу рәсіміне қатысуына тыйым салған.

Жаназа намазына тек жақындары қатысып, қалғандары қолдарын қалтасына салып, шет тұратыны байқалады. Бұл дұрыс емес. Барлық мұсылман ер азамат жаназаға қатысуға міндетті. 

Жерлеуге жаназа намазына қатысқан ер адамдар барады. Қабір басына барғанда, мәйітті қабір басына қоймай тұрып отыру – мәкрүһ. Мәйітті қабір үстіне қойғаннан кейін, өзгелері де отыруға болады. Бұл діни басқарманың пәтуасында айтылған.

Дәстүр бойынша бізде топырақ салу деген бар. Жерленгеннен кейін, құран оқылады. Ең соңғы адамның аяғы қырық қадам алыстаған кезде, мәңкүр-нәңкір жауап алады.

Жерлеуден қайтқан сүйекшілер үйге келген соң, көрісу деген болады. Осында бір байқалатыны, сүйекшілердің барлығы да үйдегі сапта тұрған барлық бала-шағамен, әйелдермен құшақтасып, көрісіп жатады. Бұл дұрыс емес екен. Көрісуде тек ет жақын ағайындары, бауырлары ғана құшақтасып, қол алысып көрісуіне рұқсат етілген. Ал, бейтарап, жақын туыстығы жоқ ер азаматтар тек ишарамен, қолын өз кеудесіне қойып, көрісуіне болады. Құшақтасуға болмайды.

Жыртыс беруге тыйым салынған. Шапан тарату да шектелді. Бұл жөнінде облыстағы Ардагерлер кеңесімен меморандумға қол қойылған. 

Үйге келген соң, құран оқылады. Осымен жаназа шығарудың рәсімдері аяқталады. Жаназада ысырапшылдық жасамау керек. Беретін нәрсенің барлығын да адам көзі тірісінде жасауы қажет. Қайырымды істерді де көзі тірісінде орындаған абзал. Өлгеннен кейін артынан жыртыс беріп, ақша тарату ысырапшылдық деп есептеледі. Көзі тірісінде қайырымдылық жасаса, соның сауаптары өзімен бірге қабірге кетеді.

Өлімнен кейін жасалатын әрекеттер бар. Мысалы, ас беруге, қажылыққа барып келуге, мешіт соғуға болады. Соның сауабы тиеді.

Мәйіттің көзі тірісінде тағып жүрген алтын-күміс әшекейлері мейрамсу кезінде шешіп алынады. Оны сол қайтыс болған жанның жақын бауырлары шешіп алады. Бұл аманат зат болғандықтан, шешіп алған адам оны мәйіт иесіне беруі қажет.

Алтын тісі болса, оны қағып сындырып алу дұрыс емес. Өзімен бірге көрге кетеді.

«Мойны қатпай кетті» дейтіндер бар. Сондайда шеге, қазық қағып жатады. Бұл әдет-ғұрып. Жұбаныш қана. Дінмен қатысы жоқ. Бүгінде адам көп қан жоғалтса денесі босап қалатынын медицина дәлелдеді. «Мойны қатпай кетті» деп түрлі әрекеттер орындап, ойды сан-саққа жүгіртіп, әбігерге түсу қажет емес. Бұл шариғатта жоқ нәрселер. Мұндай әрекеттердің орнына дұға етіп, құран бағыштау қажет.

Өлік шыққан үйден 3 күнге дейін тамақ берілмеу туралы шариғатта айтылған.

Бір үйде бірнеше адам көз жұмса, олардың әрқайсысын есіктен шығармай, бірін терезеден, екіншісін есіктен, ал үшіншісін қабырғаны бұзып, шығаратындар болады. Мұның барлығы дұрыс емес. Шариғат құптамайды. Тірі кезінде есіктен кіріп, есіктен шығып жүрген адамды өлгеннен кейін терезе-тесіктен шығаруға әсте болмайды. Бір үйде бір мезгілде қанша өлім болса да барлығын есіктен шығарады. Мұндай әрекеттер бұрын болған. Ол надандық. Кеңес дәуірінде кеңінен етек жайып, белең алды.

Қазір кафе-мейрамханаларда ас беру өткізіледі. Осындайда ескеретін жайт, кафе таза болуы шарт. Түнімен ішімдік ішіліп, харам болған мекенді ертеңіне тазалап жуып, ас беру рәсімін өткізуге дайындайды. Кафеде өткізілген жетісі, қырқы, жүздігі сынды жиындарда сөз сөйлейтіндер болады. Сөз сөйлеуге тыйым салынбайды. Әйткенмен, көбіне имамның уағызы айтылуы керек. Айтылған сөздің 80% уағыз, 20% келгендердің айтқан сөздеріне, естеліктеріне беріледі.

Өлімге арнап жайылған дастарханды тойдың дастарханындай етіп жаятындар кездеседі. Бұл құпталмайды. Қазір қайтыс болған күні тамақ бермеу мәселесі Ордабасы, Түркістан, Мақтарал, Сарыағаш, Қазығұрт ауданында қолға алынып жатыр. Діни басқарма тарапынан қолға алынған бұл бастама қолдау табу үстінде. Өлік шыққан үйден үш күнге дейін тамақ бермеу туралы шариғатта айтылған.

Бүгінде мұның барлығы бірізділікке түсіп келе жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Жаназа пәтуасы» деген кітапша шығарылған. Ханафи мәзһабына сай дайындалған пәтуада жаназа мәселесін шариғатқа сайт етіп, бірізділікке түсіру мақсаты көзделген.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №32, 06.08.2014