Бүгін түс ауа Алғабас ауылында өрттен қаза тапқан бір әулеттің 12 адамын туыстары мен жақындары жер қойнына тапсырды. Қайғылы оқиғаға қатысты үкіметтік комиссия құрылды. Өрттен аман қалған 3 адамның бірі есін жиған. Оқиға қалай болды? Өрт неден шыққан болуы мүмкін? «Отырар» телеарнасының түсірілім тобы оқиға болған ауылға барып қайтты.
Бүгін Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылы қара жамылды. Таңсәріде шыққан өрттен бір әулеттің 12 адамы қаза тапты. Олардың тоғызы – бала. Қайтыс болғандардың жетеуі бір отбасының мүшелері: әке-шешесімен бірге 5 баласы өрт ішінде қалып, жан тапсырған. Марқұмдардың ішінде 4 жасар егіз бала бар. Үй ішінде болған үй иесінің жеңгесі төрт баласымен бірге көз жұмған. Қаза тапқандардың ең кішісі – 1 жасар бала.
Марқұмдардың жаназасын жақындары мен туыстары түс ауа шығарды. Қайғыдан қан жұтқан жақындары қандай да бір пікір беруден бас тартты. Тіпті жаназа рәсімін түсіруге қарсы болды.
«Қатты жанғанда от бар ғой, қып-қызыл болып жанды»
12 адамның өмірін алған өрт екі қабатты жеке тұрғын үйде шыққан. Көршілері таңсәріде жанұшыра көмек сұраған әйелдің даусынан оянған. Оның темір тор қойылған терезеден шыға алмай жатқанын айтқан.
Ханымай Жүнісова, куәгер: «Мен намаз оқуға шығып едім, ана келіншек айқайлап жатыр екен. “Әпше, жәрдем беріңізші” деді. “Не болды?” десем, “бәріне қоңырау шалдым, ешкім алмайды” деді. Ана көршіге, мына көршіге бардым. Бұл жетіп шыққанша сағат алты болып қалды. Қатты жанғанда от бар ғой, қып-қызыл болып жанды. “Ойбұй, ойбұй” дедім… Ар жағынан торды сындырды ма, поштаның жігіттері мен менің балам біреуді алып шықты».
Қазір оқиға орнында полиция мен төтенше жағдай қызметі жұмыс істеп жатыр. Куәгерлер өрттен үйдің түгі қалмағанын айтады. Үй осыдан 3 жыл бұрын салынған. Отбасы көрші ауылдан көшіп келген.
Қайырберген Божымбетв, көршісі: «Ішкі істер саласынан куәгер ретінде шақырды. “Көріңіз” деді. Көрсем, ішінде дым қалмапты. Ішінде ешкім жоқ. Бәрі жанып кеткен. Қирағанда көрінетін ештеңе жоқ. Бәрі жанған, жүз пайыз…».
Тұрғындар қара жамылған әулетте бір күн бұрын сүндет той өткенін айтады. Тойдан шыққан екі отбасы осы үйге қонаққа келген. Оқиға орнынан ес-түссіз жатқан үш адам құтқарылған. Олардың бірі – 7 жасар бала, жан сақтау бөлімінде жатыр. Бір адам есін жиған. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салуда.
Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Жерлеу рәсіміне қатысты әкімшілік тарапынан көмек беріп жатырмыз. Психологиялық, медициналық, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетілуде. Қазір сот сараптамасы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себебін сараптама анықтайды. Бірақ газ қазандық сыртта орналасқан екен. Нақты қорытындыны сараптама береді».
Полиция бір мезетте 12 адамның өмірін жалмаған өртке қатысты Қылмыстық кодекстің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Айта кетейік, таңертең президент тапсырмасымен өртке байланысты үкіметтік комиссия құрылғаны хабарланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетіні мәлімденді.
Дилара Иса






