Байланысшылар бақ сынасты

986

Тіл — достықтың мерейі. «Қазақтелеком» компаниясының өңірдегі филиалы Қазақстан халықтарының тілдері күнін атап өтті.
Байланыс саласының көшбасшылары төрт топқа бөлісіп, өзара бақ сынасты.

Арнайы ұйымдастырылған байқаудың негізгі мақсаты — байланысшы жастардың тілге құрметін арттыру, өзге тілді меңгеруге жол ашу. Күні бойы телефон мен техниканың құлағында отыратын байланысшылардың сахнадаға өнерін біздің де тілшіміз тамашалап қайтқан болатын.

Түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен тілін дәріптеп, өнерін ортаға салуға байланысшылар сақадай сай. Ең соңғы дайындықтарын пысықтағандардың басым бөлігінің қобалжып тұрғандары, айтпаса да, анық байқалады. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен сезініп, тобын алға сүйрегісі келеді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқауға биыл төрт топ қатысты. Олар — «Қазақтелеком» компаниясының әкімшілік бөлімі, қаржы, сату, және техникалық бөлімдері.

Бірінші болып әкімшілік бөлімінің қызметкерлері сахнаға шықта. Топта өңірімізде өмір сүретін түрлі ұлт өкілдерінің жастары бар. Байқаудың бірінші шарты бойынша олар өздерін мемлекеттік тілде таныстырды. Көптің алдына шығып, өнер көрсететін болғандықтан, дайындыққа арнайы уақыт бөліпті. Жұмыстары тығыз болса да бөлімнің намысын қорғау үшін ізденгендерін айтады.

Ал «Гүлдер» тобының мүшелері «Қазақтелеком» компаниясының сатылым бөлімінде қызмет етеді. Өнерден кенде емес арулар өздерін әнге қосып, компанияның жетістіктерін жырлады.

Гүлнұр Халықбаева, «Қазақтелеком»компаниясының сатылым бөлімінің қызметкері: «Бұл жерде жұмыс істей отырып, көп тілді меңгеру керегін ұғындым. Үйрендім де. Біз халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетуіміз керек. Ол үшін ең бастысы — екі тілде жатық сөйлей білу керек.»

Байқау төрт шарттан тұрды. Өзін-өзі таныстырған командалар үй тапсырмасын орындап, өнерлерін ортаға салды. Бірі комедиялық рөлді сомдаса, енді бірі ұлттық биді мың бұрала биледі. Олардың өнерін байланыс саласының үздіктері мен қонақтардан құралған әділқазылар бағалап отырды. Осылайша өздерінде қызмет ететін жастардың білімін арттырып қана қоймай, жан-жақтылыққа тәрбилеп отырған компанияның өңірлік басшысы тілдер мерекесін атаусыз қалдыруды жөн көрмепті.

Нұрлы Бектұрсынов, «Қазақтелеком» АҚ ОҚО телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры: «Қазақ жастарының басқа тілдерді меңгеруі, оның әдеби тілінде сөйлеуі — біздің бәріміздің міндетіміз. Өйткені біз үлкен Оңтүстік халқына қызмет етеміз. Осы біздің облыстағы мекемелерге қызмет етеміз. Сондықтан біздің қызметкерлердің екі тілді жақсы білгені — біздің абыройымыз.»

Осылайша 300 мыңдай абонент пен 85 мыңға жуық интернет қолданушыларына қызмет ететін байланысшылардың байқауында техникалық блоктың «Самұрық» командасы бірінші орынға ие болды. Айта кетейік, бүгінде «Қазақтелекомда» 1700 қызметкер жұмыс жасайды.

 

 

[youtube]http://youtu.be/xqnSXjeXU0w[/youtube]