Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр? Қала тұрғындарының 85 пайызы сақтандырылған. Биылдың өзінде мыңдаған адам жоғары технологиялық медициналық көмек пен оңалту қызметін алған. Ал медициналық қызмет сапасы қалай бақыланады? Бұл бағытта енгізілген «Қалқан» платформасының мүмкіндігі қандай?
Шымкентте 174 медициналық мекеме жұмыс істейді. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік ұйымдар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын арттырып, тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін едәуір жақсартқан. Бұл туралы бүгін қалалық Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенованың сөзінше, қор медициналық көмектің сапасы мен қаржының мақсатты жұмсалуын бақылайды. Осы мақсатта «Қалқан» платформасы енгізілген.
СӘУЛЕ ДҮЙСЕНОВА, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша бүкіл медициналық ұйымдардың барлығы осы системаға қосылды. «Қалқан» платформасының дәрігерге ешқандай кедергісі болмайды. Араласпайды. Сесебі мұның негізгі міндеті медициналық қызметтердің нақты көрсетілген растау және қаржылық есептіліктің дұрыстығын бақылау».
Қазір шаһарда сегіз медициналық мекеме жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Қаржыландырудың басым бөлігі кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология салаларына бағытталған. Нәтижесінде ми қан тамырлары мен жүрек ауруларын емдеуге жаңа мүмкіндіктер ашылған. Сонымен қатар қаражат медициналық оңалту орталықтарына да бөлінеді. Мәселен, биылғы бес айда 30 орталықта 7 мыңнан астам тұрғын оңалту көмегін алған. Олардың қатарында инсульт алғандар, ауыр жарақаттанғандар және созылмалы ауруға шалдыққан науқастар бар.
СӘУЛЕ ДҮЙСЕНОВА, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Сондай-ақ, балалар үшін медициналық орталықтар жұмыс атқарып келеді. Бұл балалардың сал ауруына шалдыққандары, тірек-қимыл апаратының және де туа біткен паталогиясы бар балалар үшін үлкен көмек көрсетіледі. Осы оңалту бойынша. Үлкен маңызы бар халық арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрі. Томография, магнитті томография, әртүрлі зертханалық тексерулер сондай-ақ жоғары дәрежелі дәрігерлердің кеңесіне халық арасында бұл жоғары сұранысқа ие болып тұр. Өткен 5 айда 4 миллионнан астам конслт-диогн қызмет көрсетілді».
Стационарлық қызметке жүгінушілер саны да артып келеді. Мәселен, биылдың өзінде 55 мыңнан астам адамға көмек көрсетілген. Ал күндізгі стационарларда 16 мыңнан астам тұрғын ем қабылдаған. Олардың 90 пайызы медициналық сақтандырылған азаматтар. Сәуле Дүйсенованың айтуынша, қор медициналық қызмет сапасына және тұрғындардың арыз-шағымдарына да ерекше көңіл бөледі. Жыл басынан бері қорға 400-ден астам арыз-шағым түскен. Алайда олардың 300-ге жуығы кейін кері қайтарылған. Айта кетейік, бүгінде қалада миллионнан астам адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл – Шымкент тұрғындарының 85 пайызы. Олардың 800 мыңына мемлекет жарна төлейді. Ал 212 мыңнан астам адам әлі де сақтандырылмаған.
Дилара Иса

