«Отырардың» 30 мың оқырманы бар

1999 жылы Алматы қалалық әкімдігі 15 қазанды кітапханашылар күні ретінде белгіледі. Ресми түрде қабылданбаса да жыл сайын еліміздің барлық өңіріндегі кітапханашылар бұл мерекені асыға күтеді. Мереке қарсаңында Шымкенттегі «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына арнайы бардық. Ондағы ойымыз «кітапханашы болуға қызығатын жастар бар ма?» деген сауалға жауап іздеу болды.

42-007

Кітапханашының айлығы – 40 мың теңге

Кітапханашы мамандығын кітапты жастана оқитын, көркем әдебиетті жанындай сүйетін жандар ғана таңдайды екен. «Кітапхана ісі» бойынша елімізде бес жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде маман даярлайды. Биыл оларға 25 мемлекеттік грант бөлінген. Аз. Өте аз. Сондай-ақ, жалақының мардымсыздығынан да болса керек, кітапханашы болуға көп жастар құлшынбайды қазір.

42-008

«Тәуелсіздіктен кейінгі қиын-қыстау кезде ауылдық жердегі кітапханалар бірінен-кейін бірі жабылып жатты. Бірақ кітапханашылар кітап қорын талан-таражға түсірмеді. Үйлерінің төрінен оқырманға орын ұсынды. Тиын-тебен сұрамады. Олар өйткені өз мамандықтарын сүйетін еді. Ел еңсесін тіктегеннен кейін кітапханалар қайта есігін ашты. Еңбектерінің еленбейтініне қарамастан кітапханашылар озық ойлы, мәдениетті оқырман тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін салуда. Қымбат қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап жүр. Кітапханашының айлығын азсынып, көп жастар таңдай бермейді бұл мамандықты. Жалақыны өсірсе беделі де көтерілер еді», – дейді директордың орынбасары Асылзат Арыстанова.

Айта кетейік, кітапханашы болып жаңадан жұмысқа тұрған маман 40 000 теңге жалақы алады.

Зәкира Пәрімбекова, «Отырар» кітапханасының директоры:

– Кітап қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 4 млн теңге бөлінді. Осы теңгеге 479 дана кітап алынды. Мемлекеттік тапсырыстан 9 – айда 7 338 дана кітап, оның ішінде қазақ тілінде 7056 дана кітап алынды. Кітапханаларға жергілікті бюджеттен мерзімді басылымдармен толықтыру үшін 1 млн теңге қаралып, ол толығымен игерілді. Кітап қоры 266 дана, 50 аталым мерзімдік басылыммен толықтырылды.

«Ауру» кітапты емдейді

«Отырар» кітапханасы былтырғы жылдың 30 қазанында салтанатты түрде ашылған. Облыстық 432 кітапханаға ғылыми-әдістемелік көмек көрсететін орталық кітапхана қорында 360 мың кітап бар. Кітапханада 14 бөлім оқырмандарға қызмет көрсетеді. Мерзімді басылымдар секторында 1935 жылдан бергі құнды өлкетану мұрағаты мен газет-журналдардың тігінділері сақталған.

42-005

Кітап қорын сақтау бөлімі арнайы жабдықтармен жабдықталыпты. Бұл бөлімдегі кітаптар қысы-жазы 18 градус жылылықта тұрады. Кітаптарға күн түспес үшін терезе орнатылмаған. «Кітаптың да жаны бар, ол демалады. Дымқыл жерде тұрса, ауырады. Болашақта биолог маман алмақшымыз. Ол «ауру» кітаптарды «емдейді», – дейді Асылзат апай.

Ал кітап қорын толықтыру бөлімі облыс көлеміндегі 432 кітапханаға мемлекеттік тапсырыспен түскен кітаптарды таратады. Тәжірибелі кітапханашы А.Арыстанованың айтуынша, әр ауданда кітапхана филиалдарының саны әртүрлі. Мәселен, Сарыағаш ауданында филиалдары көп болса, Кентауда аз. Осы филиалдардың санына қарай кітаптар бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыспен бір атау кітап 2-3 мың ғана данамен шығарылады. 2 мың данадан бізге 180-і, кейде 100-і, ең көп дегенде 200 данасы тиеді. Сол кезде Сарыағашқа – 30 дана, ал Кентауға 5-8 дана кітап бөлінеді. «Әрине, 200 данадан келген кітап 432 кітапханаға бір данадан да жетпейді. Десе де тамшылатып суғару сияқты, себелеп бөліп береміз. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен кітапхана саласына Созақ, Отырар сынды аудандарда жақсы қаржы бөлінеді. Оқырманның сұранысына сәйкес олардың кітап қорлары да жиі жаңарып отырады», – дейді ол.

42-009

Кітапханаға кітап керек

«Кітап қорын қайтсек көбейтеміз?» деген сауал әрбір кітапхана қызметкерін мазалайды. Сол үшін олар әртүрлі акциялар мен іс-шараларды жиі өткізеді. Жыл басынан бері «Кітап қазынасы – Отырарға» атты акция аясында кітапхана қоры 16 мың кітаппен толыққан. Оның 7 мың данасын Түркістан ауданы, 2 мың данасын Отырар ауданы сыйға тартыпты. Ал облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы – 700 дана, айтыскер ақын Ақмарал Леубаева 107 дана кітап тарту етсе, ақын Әбілда Аймақ ағамыз өмірден озарынан 1-2 апта бұрын 456 кітабын осы кітапханаға тапсырып кетіпті. «Пушкинде бір жылдағы кітап өсіміміз 8 мың дана болатын. Оның 4-5 мыңы мемлекеттік тапсырыспен болса, арғы жағындағы екі-үш мыңы ғана сыйға тартылатын. Ал биыл 10 айда 21 мыңның үстінде кітап алдық. Оның 16 мыңын рухани жанашыр азаматтар сыйға берді» –дейді Асылзат Арыстанова.

Иә, үйдегі кітап сөреде шаң басып тұрғанша, көптің қажетіне жарағаны дұрыс секілді.

42-006

Кітапты «қарызға» беретіндер бар

Ал «Сирек қор бөлімі» салтанатты түрде енді ашылады. Сирек кездесетін 2 мың кітап сөреде тізіліп тұр. Алды 1800 жылдары баспадан шыққан. Десе де кітапханашылар оқырмандарға, ізденушілерге қомақты, салмақты дүниелер ұсыну үшін құнды кітаптарды жан-жақтан жинақтап жатыр. Үйді-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын қолға алған. «Әр үйдің кебежесінде, сандығында ата-бабасынан мұраға қалған көне кітаптар сақталуы мүмкін. Бірақ бізде көп адамдардың түйсігінде «ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл кітаптарды беріп жіберсек, ата-бабамыздың әруағына қиянат жасағандай боламыз» деген ой тұрады. Сол себепті де кей азаматтар сандықтың түбінде жата бергенін жөн көреді. Тілін түсінбегесін ешкім парақтамайды. Жарамсыз күйге түссе ешкімге қажеті болмай қалады. Одан да бізге өткізсе, кітапты шынымен жауып, қасына кімнің тапсырғанын жазып қоямыз. Сондай-ақ, ол кітаптың мазмұнын электронды нұсқада оқуға болады. Арнайы температурада сақталады. Парсы, шағатай, араб тілдеріндегі кітапты келіскендер әкеліп беріп жатыр. Уақытша беріп жатқандар да бар», – дейді сирек қор қызметкерлері.

Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №42, 15.10.2014