Шымкентте палау фестивалі өтті

850

Шымкентте «Достық дастарханы» жайылып, палау фестивалі өтті. Байқау Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылды. Фестивальға өңірімізден және алыс-жақын шетелден жиырмаға жуық аспаз қатысып, палаудың түр-түрін дайындады.

Барлық аспаздың мақсаты – тіл үйірер палау дайындау. Шымкенттік Самат Мұсаев жеңіске жету үшін барын салмақ. Өзбектің нағыз ұлттық асын дайындау үшін шекара асып, Өзбекстанға барып, қажетті қоспаларын мен күрішін арқалай келген.

Самат Мұсаев, байқауға қатысушы: «Мен палау фестиваліне алғаш рет қатысудамын. Аспаздардың тәжірибесін шыңдайтын дәл осындай жарысты ұйымдастырғандарға алғысым шексіз. Мен дайындайтын палаудың бәріне ұнайтынына сенімдімін. Аспаз үшін ең бірінші сенімділік керек».

Әне-міне дегенше жиырма аспаздың қазаны қайнады. Күріші салынып, тұздығы түгелденді. Тағамы піскендері палауды безендіруге бірден көшті. Піскен жұмыртқа, мейіз пен өрік исі мүңкіген асқа көрік берсе, сарымсақ тіл үйірер дәмін кіргізді. Палаудың бірнеше түрін бағалауға бел байлаған әділқазыларға да оңайға соқпады. Десе де, өзіндік ерекшеліктерімен бағалаймыз дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=wbsY_z-RvWA[/youtube]

Сыдықмат Ташмұхаммедов, әділқазылар алқасының төрағасы: «Бір емес, бірнеше бағыт бойынша бағалаймыз. Күрішіне қараймыз, етіне мән береміз. Ең бастысы – аспаздың киім үлгісі де, тазалығы да бағаланады».

Айта өтейік, палау фестивалі Шымкентте жыл сайын, дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биыл жалғасын тапқан шара «Достық дастарханы» ұранымен өтті.

Асын дайындап, әділқазылар алдына ұсынған аспаздардың көңілі күпті. Үміттері бір – жеңіске жету. Бір емес, бірден 28 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасы жеңімпаздың есімін атады. Бірінші орынды шымкенттік аспаз Лазиз Ганиев жеңіп алды.

Фестивалдің өзгеде қатысушылары құралақан қайтпады. Жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, палаудан дәм татқызған шеберлер бағалы сыйлықтарға ие болды.