Шымкент қаласында жиырмаға жуық таксопарк бар. Қала күні мерекесіне орай «Отырар» телеарнасының директоры В.Куликованың бастамасымен Шымкент қаласы әкімдігі үздік әрі сапалы қызмет көрсететін таксопаркті анықтау үшін «Такси-13» байқауын жариялаған болатын.
Әуелде байқауға шақырылған 10 таксопарктің екеуі қатысудан бас тартып, жарыс 8 таксопарк арасында өтті. Сонымен, 5 кезеңнен тұратын байқауға «Оскар», «Дива», «Джет», «Айсұлу» мен «Арман», «МобилОК», «Такси-такса», «Тұлпар» және «Сити» таксилері қатысты.
Бірінші кезеңде таксилердің жылдамдығы тексерілді. Яғни шақырылған көліктердің тиісті нүктеге қанша уақытта жететіні сыналды.
Екінші кезеңде таксилердің құжаттары, сыртқы дизайны мен ішкі тазалығы сынға алынды.
Үшінші турда такси жүргізушілерінің қаладағы клиентке қажетті мекенжайды тез табуы мен жолды білу шеберлігі сынға түсті.
Төртінші кезеңде такси жүргізушілерінің психикалық тұрақтылығы мен тосын жағдайларда өзін-өзі ұстай білу шеберлігіне баға берілді.
Бесінші кезеңде қатысушылар автокөліктің көмегімен «Шымкент 13» сөзін жазып шығуы керек еді. Ол үшін алдын ала жеребе тартылды. Сонымен, «Дива» таксиі — «Ш», «Мобил Ок» — «Ы», «Оскар» — «М», «Такси-такса» — «К», «Сити» — «Е», «Айсұлу-Арман»- «Н», «Джет» — «Т» әріптерін жазса, «Тұлпар» — «13» санын жазып шықты. Мұнда жылдамдық, уақыт, символдың дұрыс жазылуы және көліктердің дұрыс орналасуы бағаланды.
Сонымен, 5 кезеңнен сүрінбей, тапсырманы тындырымды орындап шыққан 3 таксопарк үздік деп танылды.
Үшінші орынға «Такси-такса» таксопаркі жайғасса, «Jet-ке» 2-орын бұйырды.
Ал байқаудың бас бәйгесіне «Сити» тасопаркі лайықты деп танылып, аталмыш компания қызметкерлері 1-ші орыннан көрінді.
Байқауға қатысқан басқа да таксопарктер түрлі жүлделерге ие болды. Мәселен, «Дива» таксопаркі «Шапшаңдық көрсеткені үшін» марапатталса, сыртқы дизаины мен ішкі тазалығы үйлескен «Оскар» таксопаркі «Үздік безендірілгені үшін» деген сыйлықты иемденді.
Қала көшелерін жаңылыспай табатын «Мобил ОК» таксопаркі «Қала көшелерін жетік білгені үшін» номинациясына лайықты деп танылды. Тосын жағдайларда өзін-өзі ұстай біліп, психикалық тұрақтылық танытқан «Тұлпар» таксопаркінің жүргізушілері «Сабырлылығы үшін» номинациясын жеңіп алса, нәзік жандылар мен жуан білектілерден құралған «Айсұлу-Арман» таксопаркінің ұжымына «Ұйымшылдық үшін» номинациясы берілді.
Байқауға қатысқан 8 таксопаркке қалалық әкімдік пен «Отырар» телеарнасы, «Оңтүстік Рабат», «Рабат» газеттері редакциясының атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.