Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Алтын күз — 2014» мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Оған өңір басшылары, аудан әкімдері, шаруа қожалығының төрағалары, ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары асыға жеткен. Оларды «Тұмар» фольклорлық ансамблі күмбірлеген күйімен қарсы алды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=h61UQUDXhZA[/youtube]
Алдымен облыс басшысы Асқар Мырзахметов көрмеде ұсынылған өнімдерді аралап көрді.
Биылғы егіс науқаны диханшылар үшін жемісті болды. Жыл басынан бері аймақта 288 млрд. теңгенің өнімі жиналған.
Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеге артық.
Мерекелік шарада осы салада еңбек сіңірген азаматтарға ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері тапсырылды.
Ал жыл қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген аудан, қала әкімдері мен еңбек озаттары алтын, күміс, қола медаль мен облыс әкімінің сертификатына ие болды.
Сонымен, биыл астық өндіруден Қазығұрт ауданы үздік шықты. Бұл өңірдің шаруалары 69 800 тонна өнім алған. Мақсарыдан — Бәйдібек, мақта мен көкөністен — Мақтаарал, еттен — Арыс, сүттен және жеміс-жидектен Сайрам ауданы көш бастады.
Ал «Сыбаға» бағдарламасын орындаудан — Шардара, тамшылатып суару әдісі бойынша — Түркістан, инвестициялық жобаларды іске асырудан Ордабасы аудандары үздік деп танылды.
Мол өнім алған шаруа қожалығының төрағаларының да еңбектері еленді. Шардара ауданынан келген Жолдыбай Көшербаев «Озат терімші» атанды. Ол күніне 180 кг, барлығы 8 800 кг мақтаны қолмен терген.
Сондай-ақ, осы салада қалам тербеп жүрген БАҚ өкілдері де назардан тыс қалмай, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Арасында «Отырар» телеарнасының тілшісі Шынар Оразова да бар.
Іс-шарада бас қосқандар облыс басшылығы тарапынан берілген сый-сияпатқа алғыс білдіріп, келер жылы биылғыдан да мол өнім жинауға атсалысатындарын жеткізді.