Оңтүстік «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізуге үлес қосады

354

Оңтүстік Қазақстан облысы «EXPO-2017″ халықаралық көрмесін өткізуге зор үлес қосады. Бұл туралы Шымкентте «Жасыл» экономика бойынша «EXPO – 2017» көрмесін өткізудегі өңірлердің рөлі» атты халықаралық ІІ инвестициялық форумда айтылды. Форум аясында «Жасыл экономикаға» өту барысында қолданылады деген сәтті жобалар таныстырылды.

Оңтүстікте екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл шараға отандық кәсіпкерлер, ғалымдармен қатар шетелдік инвесторлар да қатысты. Басты мақсат – «жасыл экономика» бағытында қолға алынған жобаларды іске асыру, қосымша қаржы көздерін тарту. Қазіргі таңда күнгейде энергия көздерін күннен алатын 21 электростансаның құрылысы қолға алынды.

Солардың екеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Өзгесі 2017 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Сол арқылы біздегі энергия көздерінің елу пайызы еуропалық стандарттарға сай баламалы энергияға көшіріледі деп жоспарланып отыр.

Форумда тың жобалар талқыланды. Оларға қаражат қарастыру жолдары да сараланды. Сондай-ақ, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық та жиын барысында сөз болды. Көрмеге қажетті құрылыс нысандарын салуға кәсіпкерлерді тарту, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді алдын ала қолға алу керек. Елімізге келетін бес миллионға тарта қонақты орналастыру, өзге өңірлерге шақыру, туристік нысандарды дайындау жайы да кеңінен айтылды.

Салтанат Рахымбекова, «ЭКСПО-2017″ ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры: «Күтіп алу, тіл жағынан жастарды мамандыққа тарту, оның бәрі стандарттарға сай болу керек деген біз жақтан сондай ұсыныстар болады.»

Қазақстанда «жасыл экономика» саласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. Олар форум аясында өздерінің ұсыныстарын ортаға салып, инвестиция құюға ынталы екенін атап өтті.

Давид Паркер, «VLADIX INC» қаржылық холдингінің басшысы: «Біз Оңтүстік өңіріне арнайы келіп, «жасыл экономика» саласы бойынша қандай мүмкіндіктер бар екенімен танысып жатырмыз. Меніңше, Оңтүстік Қазақстанда күннен көп энергия алуға болады. Әрі сол жобаға инвестиция құйған дұрыс. Себебі өңірдің климаты оған қолайлы келеді.»

Габриэль Морэн, «Шымкент цемент» АҚ бас директоры: «Шымкент цемент» компаниясы тарапынан желден энергия көзін алатын бірқатар жобалар ұсынып отырмыз. Бәрі де қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай жасалмақ. Құрғақ желіні іске қосу арқылы істейтін желдеткіш диірмендер салу үшін компания 800 млн. АҚШ долларын бөліп отыр. Сондай-ақ, Төлеби ауданында да қуаттылығы 1 меговатт болатын 20 жел диірмені орнатылады.»

Сондай-ақ, халықаралық форум аясында Шымкенттің іргесінде күн электростансасы іске қосылды. «Ақсу-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған бұл жоба қалалық кәріз жүйесі маңынан салынған. Стансаның құрылысы 300 млн. теңгені құрап отыр. Тың жобаға қажетті қаржының 80 пайызы мемлекет тарапынан несие ретінде беріліпті.

Енді станса алдағы бес жыл ішінде несиелік қаражатын толық ақтайтын болады деп жоспарлануда. Төрт жарым гектар аумаққа салынған бұл нысанның электр қуатын шаһарға су таратушы компания тұтынады. Серіктестік күннен қуат алатын құрылғыны қосып қана қоймай, он бір адамды жұмыспен қамтыды.

Анарбек Орманов, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бас директоры: «Сағатына бір меговатт электр қуатын береді. Жаз кездерінде сегіз мың киловатқа дейін жетеді. Ал күз бен қыстың арасында төрт пен алты мың килловаттың арасында. Бұл – өте тиімді нәрсе.»

Осылайша Оңтүстік «ЕХРО – 2017» көрмесіндегі өзінің рөлін анықтауға белсене кірісп кетті. Бүгінгі форумға жиналғандар күнгейдің халықаралық көрмеге қосар үлесі зор деп тарасты.