Оңтүстікте Ш.Аймановтың 100 жылдығына арналған апталық басталды

386
Көрермен "Атамекен" фильмін тамашалауда

Биыл қазақтың тұңғыш режиссері, әйгілі актер, КСРО-ның халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына – 100 жыл. Осыған орай өңіріміздегі «Оңтүстікфильм» мекемесінің ұжымы апталықты қолға алды.

Ш.Аймановтың туғанына - 100 жыл
Ш.Аймановтың туғанына – 100 жыл

Шара аясында қазақ киносының саңлағы Шәкен Кенжетайұлының өзі түскен кинотуындылары мен шығармашылығын шыңдаған режиссерлік еңбектері көпшіліктің назарына ұсынылып жатыр.

Көрермен "Атамекен" фильмін тамашалауда
«Атамекен» фильмі

Әкенің махабатынан айырылу, перзент сыры, қан майданның қасіреті. Мұндай әсерлі бейнені көрермен «Атамекен» фильмінен тамашалады. Туған жерге деген риясыз құрмет те осы еңбектің желісінде баяндалады. Бұл қазақтың бірегей режиссері Шәкен Аймановтың шеберлігін көрсетсе керек.

Рахима Байжан, көрермен: «Өте әсерлі кино. Баланың әкесін көрмей өсуі, оның махаббатын сезінбеуін көрдік. Соғыстың әкелген зардаптарын да сезіндік. Әкеміз жанымызда болған соң, ештеңенің байыбына бара бермейміз. Сондықтан біз сияқты жастарға берері мол дер едім. Соны бізге терең оймен жеткізе білген автор мен режиссерға алғысым шексіз.»

Фазыл Егембердиев, көрермен: «Қарап отырсам, «Атамекен» киносында қанжоса болған майдан алаңы да, жауынгердің де көрінісі жоқ, бірақ соғыстың қасіретін бізге жан түршігерлік етіп жеткізді. Бұдан кейін Шәкен Аймановтың талантын қалай мойындамассың?!»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=IP8o55aO3mI[/youtube]

«Атамекен» фильмінде соғыстан кейінгі халықтың тұрмысы, бастан өткерген қиын-қыстауы көрініс тапқан. Оқиға желісі Ленинград түбінде қайтыс болған баласының сүйегін іздеп, оны туған жерге көмгісі келген қарт пен оның немересінің жолға шығуы суреттеледі.

Олардың жолда көптеген адамдарды кезіктіруі мен соңында жауынгердің қабірін табуы да залдағы көпшілікті терең ойға салды. Әке махабатының ойсырауын ұқтырды. Ал кино апталығын қолға алған «Оңтүстікфильм» мекемесі мамандарының айтуынша, олар әйгілі режиссер Шәкен Аймановтың еңбектерін көпке тегін ұсынумен ғана шектелген жоқ.

жастар режиссерің шеберлігін мойындайды
Жастар режиссердің ерекше шеберлігін мойындайды

Алтынай Қарабалаева, «Оңтүстікфильм» МКМ бас кинотанушысы: «Біз Ш.Аймановтың 100 жылдығына орай 7 минуттық деректі фильм түсірдік. Онда режиссердің өмірі мен шығармашылығы, газет-журналға шыққан еңбектері да айтылды. Енді туындыны жергілікті телеарналарға таратамыз.»

Айта кетейік, қазақ киносының саңлағы Шәкен Кенжетайұлының өзге де фильмдері аптаның соңына дейін «Оңтүстікфильм» мекемесінде арнайы кесте бойынша көрермен назарына ұсынылады.