Балаңыздың мұрны сынса…

Мұрынның қатты соққы алуы – мұрын жарақатының бір түрі. Жарақаттың бұл түрінде мұрынға айтарлықтай зақым келмейді. Десек те, мамандар мұрынын жарақаттаған кезде, қол қусырып отыруға болмайтынын ескертеді.

48-020

Статистикаға сүйенсек, жарақаттың бұл түріне көбіне 2-13 жас аралығындағы балалар бейім болады. Себебі, бір орында тыным тауып отыруды білмейтін бұзықтар балабақшада, үйде, далада, мектепте ойнап жүріп құлап немесе мұрынын зақымдап алуы әбден ықтимал.

Белгілері

Мұрынның соққы алуы балалар үшін өте қауіпті. Алайда, жағдайды бағамдай алмайтын балақайлар көп жағдайда ата-аналарына бұл туралы айтуды жөн санамайды. Әйтсе де, балаңыздың:

– Мұрын тұсы ауырса;

– Мұрын тұсы іссе;

– Беті көгерсе бұл оның жарақат алғанының алғашқы белгісі болып табылады. Сондықтан да уақыт создырмай баланы дәрігерге көрсету керек.

Алғашқы көмек

Егер балаңыз көз алдыңызда жарақат алса, онда жедел жәрдем көлігі келгенше оған көмек көрсеткеніңіз абзал.

Ол үшін:

– Жарақаттанушыны тыныштандыру керек;

– Түшкіруге, сіңбіруге, артық қимыл жасауға мүмкіндік бермеген жөн;

– Баланың басын алға қарай еңкейту қажет;

– Мұрынға мұз немесе мұздай дәке басқан абзал;

– Қанды тоқтау үшін мұрынның танауын қысыңыз;

Мұрынның танау тесігін 30-40 минутқа мақтадан жасалған тығынмен тығындап қойыңыз.

Дәурен ИСАЛИЕВ, облыстық балалар клиникалық ауруханасының жоғарғы санатты лор дәрігері:

– Мұрын жарақаты ашық және жабық болып бөлінеді. Бізге келіп түсетін кішкентай науқастарға көбіне мұрын жарақатының жабық түрі деген диагноз қойылады. Мұндағы мамандар диагноз қоймас бұрын балақайларды мұқият тексереді. Керек болса рентгенге түсіреді. Егер мұрын шеміршегі сынған болса немесе ота жасалуы қажет болса науқас шұғыл түрде ауруханаға жатқызылады. Себебі, уақытында емдік шаралар қолданылмаса мұрын қисық бітуі мүмкін. Немесе бас-ми сүйегінің жарақаты салдарынан баланың басы жиі ауырып, жағдайы күрт нашарлауы ықтимал.

Ем-дом

Мұрын сынбаса және соққы күші айтарлықтай қатты болмаса мұрын жарақатын үй жағдайында да емдеуге болады.

Ол үшін:

– Жарақаттың алғашқы 48 сағатында (қан тоқтағаннан кейін) әр 2 сағат сайын мұрынға 10-15 минуттай мұз басу керек;

– 3 тәуліктен кейін жылы құм немесе тұз басуға болады.

Десек те, мұрын жарақатына немқұрайлы қарауға болмайды. Оның қаншалықты дәрежеде соққы алып, зақымданғанын тек дәрігер ғана анықтап емдік шаралар тағайындай алады. Уақытында дәрігерге көрініп, емдік шаралар жүргізілген жағдайда ғана мұрынның қисық бітуіне жол бермеуге болады.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №48, 26.11.2014