Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған танымдық кеш өтті

622
Қазақ хандығына - 550 жыл

Биыл қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл. Айтулы датаға орай облыстық Александр Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ұжымы тарихи-танымдық кеш өткізді. Шараға тарихшылар мен әдебиеттанушылар, БАҚ өкілдері және кітапхана оқырмандары шақырылған.

Қазақ хандығына - 550 жыл

Жиналғандар төл тарихымыздың шежіресін талдады. Әрбір ханның билігі, халықтың әлеуметтік жағдайы, үш ғасырдағы саясаттың дүмпулері де айтылды. Кеш қонақтары басқосуда хандықтың тарихи құрылымы тереңде жатқанын тағы да атап өтті.

Нұрлан Есенқұлов арнау айтты
Нұрлан Есенқұлов

Нұрлан Есенқұлов, айтыскер ақын: «Тарихқа, елдің өткеніне толғау, арнау айтқанда ерекше қуаныш пен мақтаныш сезіміне бөлендім. Тіпті мұны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Алаштың азаматтарының ерлігі, қасық қаны қалғанша жерді қорғауы – барлығы дерлік бізге аманат!»

Мекемтас Мырзахметұлы
Мекемтас Мырзахметұлы

Мекемтас Мырзахметұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:»Үйсіндердің мемлекеті болды, қаңлылардың мемлекеті болды, олар бір күнде 180 мың әскер шығарған кезде қытайлар дірілдеп отырған.

Кейін олардың ортасына жік салып ажыратты ғой, міне, біздің мемлекет сол кезден басталады. Соның ішінде қазақ этносы үлкен этнос болған. Кейіннен Батыс түрік қағанаты басталды, VIII ғасырдан кейін «Қазақ» деген атпен шыққаны болмаса, біздің мемлекетіміз сол кезден басталған.»

Сонау XV ғасырдың орта шеніндегі Керей мен Жәнібектің Қазақ шаңырағын тігуі, дербес хандықтың тынысы ақындардың жүрекжарды шумақтарынан көрініс тапты. Кешке жиналғандар қазақтың кен даласын сақтап қалған арыстар еңбегін айналып өтпеді. Бұдан бөлек «Тарихты білу – ұрпақ парызы» тақырыбы аясында өрбіген шарада хандықтың ежелгі тайпалардан өрбуі баяндалған бейнедерек көпшілік назарына ұсынылды.